Доссор поселкесінің «Шапағат» мөлтек ауданы тұрғындары ауыз суға жарымай отыр.
-Жылма-жыл осы кезде ауыз суды тыйып тастайды. Ал біз судың төлемақысын төлеп отырмыз, -дейді мөлтек аудан тұрғындары.
Олар судың жетпей отырғанын поселке әкімдігіне барып талай рет айтып, жазбаша шағым да түсірген. Бірақ, орнынан ештеңе қозғалған жоқ. Су проблемасын жергілікті әкімдік те растап отыр.
- Атыраудан су жеткілікті мөлшерде келіп тұр. Біз оны мөлтек аудандағы су жинайтын қазанға жеткізе алмай отырмыз. Себебі, су құбырлары тозған. Ескі құбырлар жоғары су қысымын көтере алмай, жарылып жатыр. Оның үстіне саяжайшылар насос қосып алып, ауызсуды өздеріне тартып алуда, -дейді Доссор поселкесінің әкімі Есенжан ТӨЛЕШҚАЛИЕВ. - Мен де сол мөлтек ауданда тұрамын. Таңертең ерте тұрып, бірер сағатта ыдыстарымызды суға толтырып аламыз. Ал басқа кезде су сыздықтап тамшылап тұрады.
Сондай-ақ, Е. Төлешқалиев бұл қиындықтан шығар жол - ескі құбырды ауыстыру деп отыр. Алайда, қаржыландыру мәселесін шешу оның құзырында емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА