АҚШ пен Ұлыбритания Қашағанды Ресейге бермейді. Өйткені, бұғатталған қомақты қаржыдан түсетін табыс Украинаға арналған кредиттің кепілдігі ретінде қарастырылмақ. Киев Вашингтонның осы ұсынысын құп алса, Ресейдің Батыстағы активтерін қазақтың мұнай кеніштеріне айырбастау ұсынысы жерде қалауы бек мүмкін, деп хабарлайды Nege басылымы.
Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азиядағы позициясын әлсіретіп алмауы үшін АҚШ қазақ кеніштерін саудаға салуға бейіл емес.
Қазір Батыс елдерінде Ресейдің жалпы көлемі 260 млрд АҚШ доллары бұғатталып жатыр. Бұған осы елдің Украинаға баса-көктеп кіргені түрткі болды. Қомақты қаржыдан айырылу Ресейге оңай тиіп отырған жоқ. Оны қалай да қайтарып алудың амалын жасап бағуда. Араға үшінші елдерді салу ниеті де байқалады. Қазақстанды Ресей мен АҚШ арасында араағайын болуға шақырып қана қоймай, Қашағанды саудаға шығаруға көндіргісі бар.
Бүгінде АҚШ пен Ұлыбритания мұнай компаниялары еліміздің ірі мұнай кеніштеріне қожалық етіп отыр. Шетелдік инвесторлар «бұл кеніштерді игеруге қомақты қаржы құйдық, жердің ерекшелігі өте күрделі, технологиялар тым қымбат» деген желеумен жіліктің майлы басын өзіне қалдырғаны да рас.
Осы уақытқа дейін ешкім жақ ашпай келген «әділетсіз» келісім-шарттардың мәселесі, бүгінде қайта қозғала бастады. Айталық, Олжас Байділдиновтің ойынша, Ұлыбритания мен АҚШ-тың мұнай компаниялары Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кеніштерін Ресейге беруі тиіс. Бұғатталып жатқан қаруар қаражат соның өтемі болмақ. Сонда 1990-жылдары Қазақстан мен Батыстың арасындағы «әділетсіз» шарттарды бұзуға мүмкіндік туады-мыс.
Әрине, бұл ұсынысты бірқатар ресейшіл саясаткерлер мен сарапшылар бірауыздан қолдап шықты. Десе де, қоғам тарапынан Байділдиновтің ұсынысынан ресейлік лоббидің қолтаңбасын көрушілер аз емес. Кейбір мамандардың пікірінше, Батыс пен Ресей арасында мұндай мәміленің болуы мүлде мүмкін емес.
«Мұнай кеніштеріміздің акцияларының үлес салмағын Ресейдің алуы – өте қиын нәрсе. Экономикалық қырынан да, саяси қырынан да. Қазақстан билігі де бұған келісе қоймайды. Еуропа мен АҚШ-тың Қазақстандағы мұнай кен орындарына иелік етуі – демократиялық дамудың, саяси тұрақтылықтың бірден-бір кепілі», – дейді экономист Мақсат Серәлі.
Сарапшының пікірінше, Батыс елдері табыс әкеліп тұрған нысандары болғандықтан саяси-экономикалық қиянат жасамайды. Және геосаяси тұрғыдан Қазақстандағы мұнай саласында Ресейдің үлесінің артуына, белсенділігіне қарсы.
«АҚШ-тың Қашағанды Ресейге бере қоюы неғайбыл. Мүмкін де емес. Өйткені, АҚШ қазір ақшаға зәру емес. Қазақстаннан түсіп жатқан табыстың деңгейі Құрама Штаттар үшін ешқандай маңызы жоқ. Қазақстаннан келетін Шевронның табысы аса маңызды рөл ойнамайды. Маңыздысы – саяси тұрақтылық пен саяси көзқарас», – дейді экономист.
Оның айтуынша, Шеврон компаниясы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге араласып, әлеуметтік жобалар санын көбейтіп жатыр.
«АҚШ та, Ұлыбритания да Орталық Азиядағы позициясын әлсіретуге көнбейді. Қашағанды беру саяси жағынан да, экономикалық жағынан да тиімсіз. Бізге де тиімсіз. Себебі, АҚШ пен Ұлыбритания – ұзақ мерзімді тұрақты әріптестеріміз», – деп есептейді Мақсат Серәлі.
АҚШ билігі бұғатталған Ресейдің ақшасын Украинаның өзіне жұмсамақ. Сондықтан Киевке ондаған миллиард евро кредит ұсынып отыр. Кепілдікке Ресейдің мемлекеттік активтерінен болашақта түсетін табысы қойылмақ. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.
«Бұғатталған резервтердің құндылығын барынша Украинаның пайдасына жаратуымыз керек. Біз барлық амалды зерделеуге тиісті кезеңде тұрмыз», – деп мәлімдепті Халықаралық экономика мәселелері бойынша АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Далип Сингх Киевке барған сапарында.
Оның айтуынша, Еуропа саясаткерлері бұғатталған қаржының пайыздарын Украинаға аударуға әзір. Маусым айында G7 жетекшілерінің саммитінде осы мәселе жөнінде келісімге келмек. Бұл ұсынысты келесі аптада Дүниежүзілік банктің бас қосуы кезінде алдымен «үлкен жетіліктің» қаржы министрлері талқылайтын болады.
Вашингтон «бұл резервтерді толықтай тәркілеп, Украинаға беру керек» деген пікірде. Ал Еуропалық шенеуніктер мұны қолдап отырған жоқ. Себебі, бұл қадам қаржы нарығына тұрақсыздық әкелуі ықтимал. Сондықтан олар Украинаға басты активтерден түсетін табысты беруді жөн көріп отыр. Оның өзі аз ақша емес – 3,85 млрд еуро көлемінде. Бұл қаржының бір бөлігі Украинаға қару-жарақ сатып алуға, тағы бір бөлігі елді қалпына келтіруге жұмсалмақ.