Үйлерін тасқын су шайып кетеді деп қауіптенген атыраулықтар баспанасы мен мүлкін аман сақтап қалудың амалын жасап жатыр. Жайық өзені мен каналдарға жақын орналасқан ықшам аудан тұрғындарының бірі үйлерін пакетпен қаптаса, енді бірі қапшыққа құм толтырып, ауласын айналдыра бөгет жасауда. Дүние-мүлкін Аллаға аманаттап, су тасқыны қаупі жоқ қалаларға көшіп жатқандар да аз емес.
Атырауда екінің-бірінің танысы әйелі мен балаларын Ақтау мен Ақтөбеге, Алматы мен Астанаға сондай-ақ қай қалада жақын туыстары болса, сол жаққа жөнелтіп жатыр.
Отбасын басқа қалаға көшіріп жатқандардың бірі көршім, Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Аманбек.
- Ақтөбеден 150 мың теңгеге пәтер жалдап қойдым. Осы сенбіде балалармен бірге көлігіммен көшіріп апарып тастамақпын. Жағдай тұрақталғанша сол жақта тұрады. Біздің көпқабатты үйді су баса қоймайды дегеннің өзінде, Нұрсаяда су тасымай-ақ жаңбыр жауса жарық сөніп қалатынын көріп жүрміз. Жарық болмаса ыссы су болмайды, жоғары қабаттарға салқын су да көтерілу қиын. Сондықтан судан қорыққаннан емес, балалар жақсы жағдайда өмір сүрсін деп, осындай шешім жасадым, - дейді ол.
Жаппай көшу
Алайда ертерек қамданбаса, Ақтау, Ақтөбе Алматы мен Астанаға бір күн бұрын билет табу қиын. Жаппай көшудің себебі болса керек, 17 сәуір күні kaspi.kz-де алдағы жұма-жексенбі күндеріне пойызға ешқандай билет болмады. Осы күні өзім Ақтөбе қаласына барып-қайтуым керек болып, тіркеме вагондардың бірінен орынды әрең таптым. Ақтөбе-Атырау пойызы осы күні 22 құраммен жүрді. Мен отырған вагонның іші бала шағаның у-шуына толы. Бір купеде кемінде 2 баладан бар, құдды жазғы демалыста лагерьге бара жатқандай.
- Өзенге жақын тұрмаймыз. Дегенмен биыл су көп мөлшерде келеді деп қайта-қайта ескерту жасап жатқан соң, екі келінді немерелеріммен бірге бірін Алматы, бірін Астанаға жібердік. Бәрі сақтық үшін, дейді сапарлас болған атыраулық.
Ақтөбеден түскенде «тек біз емес екен ғой» десіп жатыр вагоннан коляскамен, бесікпен түсіп жатқан тағдырластарын көрген тұрғындар. Ал кері Атырау бағытына қайтқанымда вагонда ешқандай бала болмады. Үстіңгі орындардың көпшілігі бос, одан бөлек 3 купе вагон бос келді.
Әуе билеттері екі есе қымбат
Ал әуе билеттері Атырауға келу арзан, ал Атыраудан кету үшін екі есеге қымбат.
Мысалы бүгін 18 сәуір таңертең Атыраудан-Алматыға тікелей рейс жоқ. 2 пересадка арқылы ұшу 1 адамға 115 мың теңге болса, Алматыдан келетіндер үшін билет 40 мың теңге.
Сол секілді Атыраудан Ақтөбеге ұшу 90 мың теңге, Ақтөбеден келу 25 мың теңге.
Атыраудан Ақтауға 38 мың теңге болса Ақтаудан Атырауға 21 мың теңге.
Атырау – Астана 40 мың теңге болса, (оның өзі тек 4 орын қалған) ал Астанадан-Атырауға 13 мың теңге.
Қала тіршілігі саябырсыған
Атыраудан кетіп жатқандардың себебінен қаладағы тіршіліктің де біраз азайғанын байқауға болады. Мысалы қоғамдық көліктің ішінде де бұрынғыдай лық толы халық жоқ. Студенттер мен оқушылардың онлайн оқуға көшкенінің де әсері шығар.
Атырау қалсының орталық көшелеріндегі бизнес орталықтар да, жекеменшік мекемелер, тұрғын үй кешендері де қызу дайындық үстінде. Топырақ толтырылған қапшықтармен ғимараттарын, трансформаторларын қоршауда. Каналға жақын орналасқан жеке үй тұрғындары да ауласының айналасын, бірі үйін құм толтырылған қапшықпен бітеп тастаған. Кейбірі ауласындағы көліктерін полиэтилен пакеттермен скочтап, орап қойған.
Жайық жағалауы адам бойымен бірдей етіп қапшықпен көтерілген. Қысқасы, көшеден қапшық көрсең көңілің түседі.
- Біз каналға жақын тұрамыз. Су бөгеттен өтіп кетсе ең алдымен осы маңайдағы үйлерге жайылады. Сондықтан ерте қамданып жатырмыз. Жолдасымыз екеуміз түрлі қиын жұмыста жасап жүріп, осы үйді өз күшімізбен салғанбыз. Жиған тергенімізден айырылып қаламыз ба деген қорқыныш бар. Сақтықта қорлық жоқ, - дейді тұрғын.
Дүкен сөрелері ортайған
Жақында әріптесім сауда үйлерінен майшам таба алмай, фонариктің өзін әрең тапты. Кейін өзім де осы заттарды іздеп базарларды шолып шықтым. Токпен қуатталатын кішкентай фонарик 3000 теңге, майшамның данасы 300 теңге. Майшам бұған дейін дүкендерде 150 теңге болатын.
– Бұл жақында келген тауар. Өзіміз 250 теңгеден сатып алып жатырмыз, - деді "Дина" базарындағы сатушы.
Келетін су цунами емес, бұған дейін болған жағдай деп жайбарақат жүргендер де жоқ емес. Соның бірі әріптесім Бауыржан аға. Ол базардағы тауарды өзіміз талап әкетіп, дүрбелеңді қолдан жасап отырмыз деп санайды.
- Біздің халық дүрбелеңді қолдан жасап жатыр. Отыз жыл бұрын да Жайық қатты көтеріліп, су жағалауға 2 баспалдақтың көлеміндей жетпей тұрды. Ол кезде халық дүрліккен жоқ. Келген су жөнімен теңізге кетті. Себебі ол кезде телефон жоқ. Әркім өз ойын айтып, өтірік болжам жасап видео таратпады. Ал қазір біреу ертең су болмайды деп видео түсірсе, келесі күні дүкеннен су таппай қаламыз, - дейді ол.
Айта кетейік, қазірдің өзінде дүкендерде 19 литрлік су тек ыдыс апарған адамға сатылады. «Су жеткізушілер бөтелке таусылды, тек ыдыс әкелгендерге сатамыз» деп жатыр, - дейді дүкеншілер.
Үлкен супермаркеттер болмаса, шағын маркеттерде сөрелер ортайып қалғанын байқауға болады. Олар да, тұрғындар кетіп жатса, дүкенді су басатын болса, тауардың бәрін кімге өткіземіз деп алаңдайды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор