Атырау, 26 желтоқсан 23:25
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жанып кеткен жолдамалар

1 998 просмотра

Өзінің қолайлы бағасымен клиенттерді тартып отырған түріктің SkyAirlines әуе компаниясының банкротқа ұшырауы  турагенттіктер мен туристердің өздеріне жайсыздық әкелді. Осының салдарынан 5 маусымда мыңдаған қазақстандықтардың Антальядан шыға алмай қалғаны белгілі. 6-да «АЖ» редакциясына керісінше, демалысқа енді шығып, бірақ Антальяға ұша алмай қалған жандардан қоңыраулар келіп түсе бастады: турпакет бар, бірақ ұшақ жоқ болып отыр екен.

- Біз отбасымызбен «Трэвел Люкс»-тен турпакет сатып алған едік. 21 маусымда ұшуға тиіс болатынбыз, - дейді Нұрлан. – Енді әуе компаниясының банкротқа ұшырауына байланысты ұшу уақытын бізге 24-іне қалдырды. Біздің турагенттік директоры өздерінің рейстерді «Гүлнар Турдан» сатып алып отырғандарын, бірақ бізге билет үшін тағы 450 доллардай ақы қосып төлеуіміз керектігін айтты. Бірақ біз осы соманы төлегеннен кейін нақты 24-де ұшатынымызға ешқандай кепілдік жоқ қой. Мұның «Трэвел Люкстің» кінәсі еместігін түсінемін, бірақ біз енді не істейміз?

Біз «TravelluxАтырау» туристік компаниясының директоры Виктория ЮЖАКОВАМЕН хабарластық. Ол былай деген еді:

- Бұл жағдайға тіпті қалай түсінік беру керектігін білмей отырмын. Біз едәуір шығынға қалып отырмыз, бізге қауырт режимде жұмыс істеуге тура келуде. Бізде екі рейске билеттер сатып алынды: 11 маусымға (16 адамға) және 21-іне (36 адамға). Олардың бәріне «Гүлнар Тур» арқылы билеттерге тиісінше 13-іне және 24-іне бронь жасадық. Бірақ үстеме ақы төлейді, өйткені бұл жағдай туындаған кезде, билеттер құны екі есеге – 350 доллардан 700-ге дейін көтеріліп кетті. Біз Түркияға телефон шалып, отельге берілген брондар мерзімін кейінге ығыстырамыз, ол жақтағылар біздің жағдайымызға түсінікпен қарап отыр. Барлық билеттер брондалып, қайта есептелді. Біз өз клиенттерімізді жолға тастамаймыз, оларға жаңа билеттер, жаңа ваучерлер береміз. Тек екі отбасы ғана турдан бас тартты, біз олардың ақщаларын «Казкомполис» сақтандыру компаниясы өтемақыны төлегеннен кейін ғана толықтай қайтарамыз. Біздің копания 17 млн теңгеге азаматтық-құқықтық жауапкершілік полисіне сақтандырылған.

«Агентство Пять звезд» ЖШС директоры Нұржан КӨШЕРБЕКОВ:

- Қазір біз Quatitum-мен (банкротқа ұшыраған компанияның серіктесі – С. Т.) келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар басқа әуе компаниясының ұшақтарын ұсынулары тиіс. Егер олар келіспесе, ақшаны толықтай қайтарамыз.

Атыраудағы «Гүлнар Тур» туроператорының директоры Раушан ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, түрік әуе компаниясы банкротқа ұшырағаннан кейін оларға жергілікті 5-6 турагенттіктен хабарласқан:

- Біздің сайтымызға кіруге мүмкіндіктері барлар билеттерді он-лайн режимінде өздері брондайды. Сондықтан олардың қаншасын сатып алғанын айта алмаймын. Құнына келер болсақ, бұл маусымның орта шенінен басталатын әдеттегі бағаны маусымдық көтеру ғана. Қазір бізде бару-келу билеттері 500 доллар тұрады.

Осы айда жергілікті турагенттіктер Sky Airlines ұшақтарынабарлығы 240 орын сатып алған. Жалпы әуе компаниясының банкротқа ұшырауы көптеген туристік компанияларға да әсерін тигізіп отыр:

- Оларда адам тартарлық баға болғандықтан, сұраныс та өте көп болды, - дейді жергілікті турагенттіктердің басшылары.  

5-де біз ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жіберген едік. Sky Airlines әуе тасымалдаушысына қатысы жағдай жөнінде ҚР ККМ азаматтық авиация комитеті жауап жолдап жіберіпті:

«Қазақстан туристік қауымдастығынан алынған алдын ала ақпарат бойынша, Антальяда болған барлық қазақстандық туристер Қазақстанға басқа әуе компанияларының рейстерімен жеткізілді. Түркияға ұшпақ болып отырған жолаушылар басқа туроператорларға бөлінеді.

Sky Airlines әуе компаниясы ұшудың қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттардың негізінде чартерлік ұшуларға рұқсат алды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, чартерлік ұшуды орындауға рұқсат алу үшін экономикалық негіздеме қажет емес. Түрік БАҚ-тарының ақпараты бойынша, Sky Airlines әуе компаниясы сонымен қатар Кишинев рейсін де орындамаған. Экономикалық себептерге байланысты Кельн мен Мюнстерге ұшу да тоқтатылды. ҚР ККМ азаматтық авиация комитеті Түркияның авиациялық биліктеріне аталмыш әуе компаниясының әрі қарай ұшуды орындау уақыты туралы ақпаратты ұсыну өтінішімен ресми өтінім жолдады. Жауабы күтілуде.

Көлік және коммуникациялар министрлігінің құзырына туроператордың туристер алдындағы жауапкершілігіне байланысты мәселелер кірмейді».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

7 маусым 2013, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.