1 маусымда Атырауда Балаларды қорғау күні түрлі ойындармен, билер және отшашулармен дүбірлетіп тойланды. Бір қуаныштысы, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлауды тек мемлекеттік органдар мен қайырымдылық қорлары ғана емес, қарапайым қалалықтар да парызым деп санайды екен.
Қала тұрғыны Мирада, ең алдымен, киноға бару үлкен оқиғадай болып есептелетін балаларды 5D кинотеатрына шақыру идеясы туындады. Балалар құқығын қорғау департаменті әр түрлі жастағы 40 баланың тізімін берді – бірінің ата-анасы жоқ болса, бірінің отбасы ойын-сауыққа ақша шығара алмайды, кейбірі қазір балаларды уақытша қабылдау мекемесінде екен. Алайда қазір 5D сеансы бірнеше минутқа ғана созылады, ал балаларға нағыз мереке ұйымдастыру керек. Мира өз ойын таныстарына жеткізді. Олардың бірі сауда ұйымында жасаса, бірінің қайырымдылық қорларында таныстары болып шықты. Осылайша, жаңа қатысушылармен толыға түскен «жоба» кеңейіп, көңілді бола түсті: пицца мен түрлі сусындар қойылған мерекелік үстел, сайқымазақтың қойылымы, түрлі-түсті шарлар қосылды, соңында апофеоз ретінде кинотеатрға бару белгіленді. Бұл игі шара балаларға шынайы қуаныш сыйлады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА