24 мамырда Атырау облысының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының ғимаратында судьялар, тергеу органдары мен прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Осы іс-шараның басты оқиғасы ауданаралық сот төрағасы Гүлмира ДӘУЛЕТОВАНЫҢ баяндамасы болды. Ол жайлап айтқанда, тергеудің сапасыздығынан мысал келтірді.
Осы жылдың 27 қаңтарында сотта ҚР ҚК-нің 96-бабы бойынша («Кісі өлтіру») қылмыстық іс қаралды. Іс материалында келесі оқиға баяндалған: өткен жылдың 27 тамызында Құлсары қаласы 5-ықшам ауданының №9 үйі алдындағы ойын алаңқайына сағат 00.45 шамасында Манас К. келіп, 16-калибрлі шолақ мылтықпен сол жерде отырған бір топ балаға қарай оқ атқан. Нәтижесінде бір адам алған жарақаты салдарынан сол жерде көз жұмып, тағы екеуі бытырадан жеңіл жараланған. Шолақ мылтық табылмады.
Сотта куәгерлер алғашқы куәліктерін полицияның қысымымен бергендерін, оқты дәл сол Манас атты деп сеніммен айта алмайтындықтарын, өйткені аулада жарық берудің болмауынан қараңғы болғанын, ал оқ кем дегенде 20 метр жерден атылғанын мойындады.
Сот жылыойлық полиция қызметкерлері жүргізген тергеу экспериментін заңсыз деп таныды. Эксперимент кезінде тараптардың, яғни, айыпталушының, қаза болғанның және зардап шеккендердің өкілдері болмаған. Экспериментке қатысқан статистердің 2012 жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандықтары да анықталды.
Сот екі анонимді куәгерлердің куәліктеріне күмән білдірді, өйткені олар өлім болғаннан кейін екі айдан кейін берілген. Сондай-ақ, сот Манастың күртесінен оқ дәрінің іздерін тапқан сарапшылардың жұмыс нәтижелерін қабылдамады, өйткені олар қаза болған адамның киіміндегі оқ дәрі іздерімен салыстырылмаған.
Оған қоса, сол түні жалғыз атылған оқ деп есептелген осы оқиғадан бұрын осы ықшам ауданда жүрген қызыл түсті «Лада» ВАЗ-2110 авто көлігінен оқ атылғаны анықталды. Куәгерлердің айтуынша, олар бұл туралы айтқан, алайда полициялар машинаны анықтау бойынша шаралар қабылдамаған.
Ең бастысы, сотта осы кісі өлтіру оқиғасы тіркелген уақытта Манас К. Құлсарыдағы 4-учаскеде орналасқан түнгі клубта демалып отырғанын айғақтайтын бейне материал ұсынылған. Ал тергеушілер Құлсары орталығынан қала шетіне дейін қанша уақытта жетуге болады деген сұраққа эксперимент жүргізбеген.
- Жоғарыда көрсетілген сәйкессіздіктерді қаперге ала отырып, сот Манас К.-ге қатысты қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберуге шешім қабылдады. Бүгінгі күні Манас К. қамауда отыр, - деп хабарлады Г. Дәулетова.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ