Атырау, 25 сәуір 12:35
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

4 407 просмотра

Төреші турнирі

«Атырау» ДСК-нде халықаралық санаттағы төреші, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасына қазылық еткен Юрий Шлыковты еске алуға арналған баскетболдан 14-ші қалааралық турнир өтті.

Турнирге «Самұрық», «Университет», «Прикаспиец», «Мұнайшы», «Теңізшевройл», «Ақтөбе» және «Әлішер» командалары қатысты. «Әлішер» мен «Университет» командалары арасындағы ақтық ойын 79:62 есебімен «Әлішердің» пайдасына шешілді, ал «қола» үшін айқаста «Самұрық» «Мұнайшыны» 62:51 есебімен ұтты. «Самұрық» командасының ойыншысы Сергей Бухарин турнирдің ең үздік шабуылшысы, «Университет» командасынан Бауыржан Жарбосынов - үздік қорғаушы, әлішерлік Тимур Манабаев үздік орталық ойыншы атанды. Ең нәтижелі ойыншы - «Әлішер» командасынан Қадыржан Ғұбашев (103 ұпай). Турнирдің ұйымдастырушысы – облыстық туризм және спорт басқармасы.

***

 

Әскери бірліктер        

Алматыда кудодан (шлем киетін ережесіз жекпе-жек) 4-ші  Қазақстан чемпионаты өтті.

Атыраулық спортшы Фарид Имьяминов 240 бірлік санатында (кудода салмақ санаты жоқ, спортшылар «бой-салмақ» санаты бойынша айқасады) чемпион атанса, Ахмет Сайфуллин қола ұтып алды. Спортшыларды бапкерлер Саид Типаев пен Танат Нұрымов дайындады.

***

 

Тағы да гол:«Атырау» - «Жайық» 5:0

«Ривьера» стадионында Чернобыль АЭС-да болған апаттан зардап шеккендер күніне арналған футбол ардагерлерінің арасында мини-футболдан облыстық турнир өтті.

Турнирге8 команда қатысты. Жартылай финалда «Жайық»1:0 есебімен «Болаттан» басым түссе, «Атырау СК» «Аэропортты» 2:0 есебімен жеңді. 3-орын үшін болған матчта «Аэропорт» «Болатты» 2:0 есебімен ұтты. Финалда «Атырау СК» командасы «Жайық» қақпасына жауапсыз 5 гол соқты, есеп 5:0.

Марапаттау рәсімінде облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан арнайы сыйлыққа Чернобыль АЭС-да болған апат салдарын жоюға ерікті түрде қатысқан футбол ардагері Исатай Кереев ие болды.

***

 

Отпен ойнаған оқушылар

Халықаралық әуежай маңындағы «Ескерткіш Қызмет Қазақстан» ЖШС-нің базасында оқушылар арасында өрт спорты бойынша облыстық чемпионат өтті.

Жарысқа қалалық №6, 8, 22 мектептерінің командалары және Құрманғазы ауданының құрамасы қатысты. Бағдарламада келесі тапсырмалар болды: кедергілерден өту, өрт сөндіру түтігін жазу, жалынды өрт сөндіргіш көмегімен өшіру, зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету. Турнир 4-тен 100 метрге эстафеталық жүгірумен аяқталды. Құрманғазы ауданының «Дружба» командасы чемпионаттың жеңімпазы атанды.

***

 

Жарысқа толы мамыр

Атыраулық самбошылар үшін  мамыр айы жарысқа толы болды.

Айдың басында Қызылорда облысы Жусалы кентінде Кеңес Одағының батыры Т. Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Мұнда Айтжан Амангелдиев қола жүлдегер атанды. Содан кейін Талдықорғанда өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында республикалық турнирде Рамазан Нұрышев, Асқар Испусинов және Қайырберді Айдымбай қола иеленді. Осы құраммен Павлодардағы турнирге қатысқан атыраулық самбошылар екі алтын медаль (Мәди Мәжит және Асқар Испусинов) және бір қола медаль (Ерасыл Әлжанов) жеңіп алды. Спортшыларды Қ.Досқалиев, Б.Қошқаров, Е.Төлеген, Ж.Иманбаев және К.Табынбаев жаттықтырады.

***

 

Профессорды еске алу

АМУ-де шахматтан бірнеше дүркін облыс чемпионы, университет профессоры Ғ. Айдаралиевті еске алуға арналған шахматтан VIII дәстүрлі турнир өтті.

Турнирге Алматы, Орал, Ақтөбе және Атырау қалаларынан 85 зияткерлік ойын шеберлері қатысты. Абсолюттік біріншілікте мүмкін болар 7 ұпайдың 7-жетеуін де жинаған ақтөбелік Нұрсұлтан Кенжалин 1-орын алды, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Нұрлан Ғалымжанов 2-орынға, 1-БЖСМ-нің тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Құрманбай Әшетов 3-орынға табан тіреді. Үздік ойыншылар төмендегіше анықталды: ардагерлер арасында – Бөкенбай Ағаша, әйелдер арасында – Әйгерім Қазиева, 20 жасқа дейін – Мақсот Әйбек пен Вера Костяйнен (Орал), 16 жасқа дейін – Нұрбол Ғалымжанұлы мен Жұлдыз Елеусін, 12 жасқа дейін – Нұрбек Хайрошев пен Диляра Ғабитова, 10 жасқа дейін – Нұрәдил Жамбыл мен Әсем Бектасова. Жарыстарға облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С. Гайсин төрелік етті.

***

 

Медальдар көп, алайда...

Таразда Қазақстан мүгедектерінің 4-спартакиадасы өтті.

Жүлделер саны жағынан облысымыз9-орынға орналасты. Нәтижелер мынадай: отырып ойнайтын волейбол (Бауыржан Тахауов, Александр Демеуов, Ернар Матеуов және т.б.) – «алтын»; арба үстінде билеу (Руслан Айтбаев-Іңкәр Қайырлиева) –1 «алтын» және үш «қола»; үстел теннисі (Тыныш Жакупова, Эльмира Балманова, Шынар Кенжебаева және Людмила Фокина) – үш «алтын», бір «күміс» және екі «қола»; жеңіл атлетика (Нұрлыбек Исатаев, Бауыржан Тартаев, Нұрғали Алтынбеков және т.б.) – үш «алтын», екі «күміс» және сегіз «қола»; 50 метрге жүзу (Пердебай Намұратов) – «қола».

***

 

Сенсация болған жоқ

«Балықшы» ДСК-нде мемлекеттік қызметшілердің жеңіл атлетикадан, мини-футболдан, волейболдан, үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан облыстық спартакиадасы өтті.

Сенсация болған жоқ: ең спортшы мемлекеттік қызметшілер екенін 6-рет қатарынан Құрманғазы ауданы әкімдігінің қызметкерлері тағы да дәлелдеді. 2-орында облыстық әкімдік, 3-орында – Исатай аудандық әкімдігі.

Спартакиаданың үздік спортшылары мыналар: футбол – Жігер Үмбеталиев (қалалық әкімдік) және Айдынбек Сисеналиев (облыстық әкімдік), үстел теннисі – Айгүл Күнтазиева (Махамбет) және Алмас Мұқашев (Құрманғазы), тоғызқұмалақ – Зейнолла Мұхлесов және Берік Мусағалиев (екеуі де Құрманғазы) және Асқар Ақтаев (Қызылқоға).

***

 

Мұқалмас жігер

Дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының қолдауымен «Ривьера» спорт кешенінде зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі балалар интернаттарының шәкірттері арасында жеңіл атлетикадан турнир өтті.

60 метрлік қашықтықта Татьяна Матвеева (Сарайшық интернаты) үздік атанса, 100 метрлікте Игорь Филюшин (№1 мектеп-интернат) жеңіске жетті. 400 және 800 метр қашықтыққа жүгіруде Рүстем Сейтімов (№1 мектеп-интернат) барлығынан жүйрік болды. 4-тен 100 метр эстафетада №1 мектеп-интернаттың командасы жеңімпаз атанса, 2-орында Сарайшық интернаты, 3-орынға Лесхоз ықшам ауданындағы интернат көтерілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.