Атырау, 28 наурыз 21:09
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Денсаулықты ойласаң, баскетбол ойна!

2 530 просмотра

Атыраудағы жасөспірімдер баскетболының болашағы қандай? Осы тақырыпта біз Мұнай және газ институтының дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі, облыстық мектеп баскетбол лигасын ұйымдастырушылардың бірі Еркін ТӨЛЕГЕНОВПЕН (суретте) сұхбаттасқан едік.

«АЖ» анықтамасы: Еркін Қалымұлы ТӨЛЕГЕНОВ 1961 ж.т., атыраулық бапкерлер Ю. Зверев пен В. Андрееваның шәкірті, 70-жылдардың аяғында «Спартак» және «Скиф» (Краснодар) командаларында ойнаған. Бойы – 2 м 7 см.

- Спорттық карьераңыз қалай қалыптасты?

- Краснодар дене шынықтыру институтында оқып жүріп, өлке құрамасында ойнадым, алайда 18 жасымда тізе байламына зақым келтіріп алдым. Сол кездері білікті отаны тек Мәскеу ортопедия институтында ғана жасайтын. Онда 3 жылға созылатын кезек болды. Алдымен олимпиада чемпиондарын «тікті», содан кейін еңбек сіңірген балет әртістеріне, әлем және Еуропа чемпиондарына, тек содан кейін ғана мен сияқты қарапайым спортшыларға ота жасайтын. Мен отаны Краснодарда жасауға келістім. Сәтсіз жасалды. Мен осылайша спорттық карьераммен қоштастым. Гурьев педагогика институтында сабақ бердім, кейіннен Мұнай және газ институтына ауыстым.

- Мектеп лигасы қашан құрылды?

- Лига 2011 жылы облыстық баскетбол федерациясының, дене шынықтыру және спорт басқармасының және «Атырау Барыстары» командасының қолдауымен құрылды. Ойындар қазаннан мамырға дейін әр жексенбіде өткізіледі. Лигада екі жас санатында 18 команда бар. Чемпионат кәсіпқойлардағы сияқты екі айналымнан және плейофф ойындарынан тұрады.

Биылғы маусымда Исатай ауданының командасы қатысты. Оқушылар лигасына Махамбет және Мақат аудандарының оқушыларын қосу жоспарымызда бар.

Балалардың бір бөлігі 3-БЖСМ («Олимп» спорт залы) баскетбол секцияларының шәкірттері. Ал көп бөлігі баскетболдың не екенін мектеп лигасында білді. Оларды өз мектептерінде дене тәрбиесі пәні мұғалімдері жаттықтырады. Біз педагогтарға базалық білім беруге тырыстық, семинарлар өткіздік. Спорттық киімдер мен доптар алуға, төрешілердің қызметіне ақы төлеуге демеушілеріміз - Isker консорциумы мен «Әлішер» компаниясы көмектесті. Оларға алғысымыз шексіз.

...Осылайша іс басталып кетті. Балалар турдан турға өткен сайын өз шеберліктерін шыңдай түсті. №6 мектептің (жаттығуды мен жүргіземін), №2 (бапкері Бақтығали Айжігітов), №16 (бапкері Саламат Торғаев), №19 (бапкері Анатолий Лысяк), Жангелдин орта мектебінің (бапкері Сабыржан Қалиев) оқушылары жақсы өнер көрсетті. Баскетболдың артықшылықтары неде? Ол балаларды шапшаң қозғалуға, төзімділікке, ептілікке, тактикалық ойлауға баулиды. Егер алғашқы жылдары аутсайдерлер көшбасшылардан 30-40 ұпай айырмасымен ұтылған болса, қазір командалар бір-бірінен бір-екі ұпай айырмасымен ғана басым түсіп жатыр.

Облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Амантай Торғаевтыңбалаларды бізден іріктеп алатыны бізге мақтаныш әкеледі. Өткен жылы облыс құрамасы Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасының (БЖБЛ) чемпионы атанды, биылғы чемпионатта да еш жеңіліссіз келе жатыр. «Атырау Барыстары» балалар командасы ТМД және Прибалтика елдерінің жасөспірімдер баскетбол лигасында жақсы өнер көрсетіп жүр. Олардың жолсапарларын «Атырау Барыстары» командасы мен облыстық спорт басқармасы төлейді.

- «Атырау Барыстары» жасөс-пірімдер командасының негізгі ойыншыларын атаңызшы.

- Ілияс Жүнісов, Артем Парфенов, Олег Балашов, Нұрлыбек Қонысов, Ерғанат Қайрош, Марат Әділхан және Рымбек Сағынғалиев.

Мен осы оқушылар баскетбол лигасының мысалымен облыста студенттер лигасын құруға болады деп ойлаймын. Атырауда 13 колледж бен3 жоғары оқу орны бар. Балалар мектепті аяқтағаннан кейін де баскетболмен шұғылданып, өз денсаулықтарын дамыта берулері керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор 

6 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.