31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніндегі дәстүрлі үнсіз қайғыру ауанын бірнеше ҮЕҰ өкілдерінің (Тоқжан Қизатова, Макс Боқаев, Әсел Нұрғазиева және басқалар) мәлімдемесі бұзды.
Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, олар қуғын-сүргін құрбандарының қатарына 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпеде өлтірілген қазақстандықтарды да қосатынын баса айтты.
Бұдан басқа күн әдеттегідей тыныш өтті: сағат 11-де саябаққа мәртебелі қызметтік көліктер тізбегі келді. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ бастаған мемлекеттік қызметшілер саябақ шетіндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Түстен кейін бос қалған саябақта тек тазалаушылар мен бірнеше полиция қызметкерлері қалды. Солардың басшылығымен «Арнайыавтобаза» қызметкерлері гүлге толған ескерткішті турникеттермен қоршады – қолды болып кетуі мүмкін...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор