Атырау, 11 мамыр 15:08
 ашықВ Атырау +16
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Қостанай, БҚО, Ақмола, СҚО өзендерінде су көтеріліп жатыр - ТЖМ

368 просмотра
Фото: freepik.com

Батыс өңірлерде су деңгейі аздап төмендесе, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда керісінше, өзендердегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ вице-министрі Бауыржан Сыздықов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үкімет отырысында елдегі су тасқынының жағдайы туралы ТЖМ вице-министрі Бауыржан Сыздықов баяндады. Оның айтуынша, су тасқыны салдарын жоюға министрліктің, әкімдіктердің, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитет бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.

 «Су басу аймағында 5 облыс қалды, әкімдіктер мен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылып жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 6 мың 187 бала. Қазіргі таңда уақытша орналастыру пунктерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған», - деді вице-министр.

Су тасқыны қатты белең алмаған елді мекендерді су астында қалдырмау үшін шаралар күшейтілген.

«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылында су өткізу жүйелерін тазарту және канал бойында қап төсеу бойынша іс-шаралар жедел жүргізілді, бұл судың тасуына жол бермеді. Шағалалы су қоймасынан судың көп мөлшерде жіберуіне байланысты жер білігін қосымша нығайту және ұзарту, сондай-ақ өзен бойындағы мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша каласының 60 тұрғын үйін су басу қаупі жойылды. Жалпы, алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді», - дейді Бауыржан Сыздықов.

Ал су басқан 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалған. 55 автожол учаскелері мен төрт көпір шайылып кеткен, 50 елді мекенге көлік бара алмай отыр.

«Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік. Бұл жерде төтенше жағдайлар аймақтарында қажетті көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді. Су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда. Қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады», - деді министрліктен.

Бауыржан Сыздықовтың сөзінше, тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы азаматтарды хабардар ету және ақпараттандыру жүзеге асырылады. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді.

2 сәуір, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.