1 шілдеден бастап Қазақстанда азық-түлік өнімдері, сыра және бөтелкелердегі су өндірісі саласында Кеден Одағының жаңа техникалық регламенттері енгізіледі. Осы өзгерістерге арналған семинар 31 мамырда Облыстың кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағының ғимаратында өтті.
Мұның алдында санитарлық-эпидемиологиялық станциялар-дың жұмыс режимінде өзгерістер болған. Егер бұрын СЭС өнім сапасына бақылау жасап, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды, лицензия және т.б. беретін болса, соңғы бір жарым жылдан бері өнімнің сапасына бақылау жасау өндірушілердің өздеріне жүктелді. Санитарлық дәрігерлер қоғамдық тамақтану нысандарын жылына бір рет қана қарап кетеді. Алайда «Халық денсаулығы туралы» кодекс талаптары бойынша кәсіпкерлердің жауапкершілігі күшейтіледі – олар өндірістік бақылауды өз күштерімен жүргізуі керек.
Осыған байланысты, облыстық СЭС-тің тамақ бөлімінің меңгерушісі Мәриям МЕҢДІҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, өндірісте ISO, ХАССП (ағылш. Hazard Analysisand Critica Control Points) сияқты өнімді жүйелі сәйкестендіруді, бағалауды және қауіпті факторларды басқаруды қарастыратын қауіпсіздік жүйелерін өндіріске енгізу қажеттілігі туындады. Қауіпсіздік жүйелерінің бірнеше түрлері бар: өнімді экспортқа шығаруды жоспарламайтындарға арналған - ішкі, сыртқы нарықта жұмыс жасайтындар үшін– халықаралық жүйелер. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің осындай жүйелерді енгізу шығындарының 50%-ын мемлекет өтейді.
- Тамақ өнімдері бойынша жеті жаңа техникалық регламент енгізілді: «Астық қауіпсіздігі туралы», «Май өнімдері қауіпсіздігі туралы», «Тамақ қоспаларының жекелеген түрлерінің қауіпсіздігі туралы» және т.б. «Қаптаманың қауіпсіздігі туралы» регламент өткен жылдан бері әрекет етуде, - деп хабарлады М.Меңдіғалиева. Ол енді санитарлық дәрігерлер тексеру барысында өнімдердің осы техникалық регламенттерге сәйкестігін талап ететін болады деп кәсіпкерлерді ескертті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА