Атырау, 28 наурыз 19:28
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Төлқұжаттық мерзімдер

2 805 просмотра

Бүгін, 4 маусымда Атырау қалалық №2 соты БТА банктің сырттай сотталған бұрынғы қожайыны Мұхтар ӘБІЛЯЗОВТЫҢ отбасына қазақстандық шетелге шығу төлқұжаттарын заңсыз беру жөніндегі іске қатысты тұлғалар тобына үкім шығарды.

Қолданыстағы қазақстандық заңнама талаптары бұзылып, төлқұжат Әбілязовтың әйелі мен балаларына, сонымен қатар туыстары Шалабаевтар мен Жүнісовтерге ресімделіп, берілген.  Барлығы 9 төлқұжат дайындалыпты. Алушылардың барлығы сол кезде, тергеу мәліметтері бойынша, елден тысқары, шамамен Ұлыбританияда болған.

Қылмыстық іс жеті адамға қатысты жүргізілді. Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ БАҚ өкілдерінің қатысуымен үкімді оқыды.

Атырау облыстық ІІД көші-қон саясаты басқармасының халықты құжаттау және тіркеу тобының инспекторы, полиция лейтенанты Жомарт КӨШӘЛИЕВ ірі мөлшерде пара алған деп танылып, жеке мүлкін тәркілеумен қатар 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен бірге ол шенінен айырылды.

ІІМ Көші-қон саясаты комитетінің халықты құжаттау және тіркеу бөлімінің аға инспекторы Дәметкен КҮЗЕМБАЕВА әлденеше рет пара алуда кінәлі деп танылып, оған жалпы режимдегі колонияда 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру және жеке мүлігін тәркілеу үкімі шығарылды. Тергеу талабы бойынша өткен жылдың қазанынан бастап басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен Атырауда жүрген астаналыққа сот залында қолкісен салынды.

ІІД көші-қон полициясы басқармасының халықты құжаттау және тіркеу тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция инспекторы Жансұлу ЫСҚАҚОВАНЫ қызметтік жалғандық жасағаны үшін сот екі мың АЕК (3,5 миллион теңге шамасында) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеді

«Эллис Регион» ЖШС маркетологы Асылбек САЙФУЛЛИН пара алуда делдалдық жасағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Кафе әкімшісі Дана ИСЕЕВА пара алуға және беруге делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оның өкініп, тергеуге белсенді түрде көмек көрсеткені үшін сот оған шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ІІД көші-қон полициясы басқармасының халықты құжаттау және тіркеу тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция лейтенанты Гүлжанат АЯЗБАЕВА (қызметтік жалғандық жасау) мен Атырау облыстық әділет департаментінің азаматтық хал актілері жазбалары бөлімінің бастығы Қымбат ҚУАНОВАҒА (қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану) 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға үкім шығарылды. Екеуі де «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның негізінде жазадан босатылды.

Үкімді оқу кезінде жаза кесілген Күзембаева мен сотталушылардың туыстарының булыға жылаған үндері естілді. Шыққан кезде олар жазадан құтылғандарға қарғыс айтумен болды. Кейін сот залынан шыққаннан кейін айтылған олардың пікірінше, «судан таза» боп шыққандар тергеу кезінде өз әріптестеріне жала жапқан. Үкім кесілгендердің барлығының адвокаттары тергеу кезінде көптеген заң бұзушылықтар жіберілгендігін айтты. Осы пайымдаулар ҰҚКД бастығының, облыс прокурорының, әділет министрінің, ішкі істер министрінің, осы ведомостволардың жергілікті департаменттері бастықтарының тарапына сот шығарған жеке ұйғарымға байланысты ма, ол жағы айқын емес.   

Судья себептерін түсіндірмеді. Сондай-ақ, пара сомасы мен пара берушілердің есімдері аталмады. Кейбір сотталушылардың адвокаттары үкімге қатысты шағымданатындықтарын мәлімдеді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың 31 мамырында Әбілязовтың жұбайы, 47жастағы Алма Шалабаева мен олардың кәмелетке толмаған қыздары Алуа «жалған төлқұжаттар бойынша ел аумағында заңсыз болуына байланысты» Италиядан Қазақстанға депортацияланған болатын.

4 маусым 2013, 21:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.