Атырау, 27 сәуір 10:59
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жаңа Елтаңбаға тарихи таңба жасау тәжірибемізді пайдалану керек – депутат

971 просмотра
Фото: Akorda.kz

Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында жаңа Елтаңба жасау мәселесінде ата-баба дәстүрі мен тарих сабақтастығын ескеру керек деген мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттық Құрылтай – іргелі елдік мәселелер ортаға салынатын, идеологиялық бағдарымыз талқыланатын алқалы алаң. Осыған орай күні кеше Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі - Герб мәселесінің де көтерілуі орынды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында «Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады» деп, мұны көпшілікпен бірге кеңінен талқылай отырып, ортақ шешімге келуді ұсынды», - деп тоқталды Абзал Құспан өз сөзінде.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл – заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі. Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей-жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді.

Кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген.

«Бұл ретте, біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз - жалпы гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі - таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.
Рас, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді», - деді А. Құспан.

Депутаттың пікірінше, бұл ретте, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих.

«Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді.
Осы орайда, Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санаймыз. Бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруын ұсынамын», - деді депутат.


20 наурыз, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.