Атырау, 25 қараша 20:22
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы патриоттар форумы (толықтырылды, +ФОТО)

5 798 просмотра

Бүгін, 4 маусымда Атырауда Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған «Менің Қазақстаным» атты VI республикалық патриоттар форумының аясында шаралар басталды.

Таңертең форумға қатысушылар легі «Ақ Жайық» мейманханасынан бастап Исатай мен Махамбет алаңына дейін сап түзе өтіп, Қазақстанның мемлекеттік алып туын (20х10 метр) салтанатпен алып жүрді.

Белгілі болғандай, ҚР мемлекеттік хатшысы Марат ТӘЖИН форумға келмей қалды. Астаналық делегацияға мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД басшылық етті.

Форумға қатысушылар арасында –Атырау облысынан сайланған Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, қазақстандық «ауған» жауынгерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Бақытбек СМАҒҰЛ, «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ҚБ төрағасы Бақытжан ЕРТАЕВ, мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшелері Серік ЕРКІМБЕКОВ, Жандарбек МӘЛІБЕКОВ (ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторы), Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ бар.

Ал түсте Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде жыл сайынғы дәстүр бойынша «Әлем таныған Қазақстан», «Асқақ азаматтық», «Жан жүрегім Қазақстан», «Өрге қанат қаққан Қазақстан», «Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрді да­мы­туға қосқан үлесі үшін» атты 5 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Марапатталғандардың қатарында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис ТЭН, шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Бибісара АСАУБАЕВА, әнші-продюсер Қыдырәлі БОЛМАН, «Қасым» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ,  қазақ күресінен әлем чемпионы Шалқар ЖОЛАМАНОВ болды. Марапатқа өзінің көз жұмған анасының жүрегі мен бүйрегін екі ауыр науқасқа салуға рұқсатын беріп, олардың өмірін сақтап қалуға үлкен септігін тигізген Игорь ВОРОТНИКОВ та ие болды. Барлық номинанттарға «Ел патриоты» өңір белгісі табысталды.  

Форум Жилгородоктағы екі көпірдің (жаяу және автокөлік) маңында лазерлі шоумен аяқталды. Кешкі сағат 9-ға жақын өзеннің Жеңіс саябағы жағында да, Жилгородок жағалауында да ине шаншыр жер болмады. Уақыт өткен сайын халық тола түсті, кей жерлерде басып-жаншулар да орын алды.

Вивальди әуені астында патриоттық ұрандар, Қазақстан туын желбіреткен қайықтар, суды қия салынған шеңберлер, үлкен бұрқақ аясында жылқы үйірінің, тау мен даланың бейнесі... Ал соңында – аспаннан төгілген әсем отшашулар. Мұндай керемет отшашу, кейбіреулердің айтуынша, Қазақстан мұнайына 100 жыл толу мерекесінен бері болмаған шығар. Бұлардың гүрсілінен Балықшының өзінде ыдыстар сыңғырлады. Ойын-сауық ойдағыдай өтті. 

 
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, Айнұр САПАРОВА,
Суреттерді түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ және Анастасия ПАСТУХОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

4 маусым 2013, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.