«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Атырау филиалының директоры Ерболат ҚАДИМОВТІҢ айтуынша, өзен суының таяздығы сыни деңгейге жеткен. Соңғы төрт жылда облыста көктемде «нормативті» мол су нышаны байқалмаған.
2019 жылы өзен суының мөлшері 5,53 текше шақырымды, 2020 жылы – 6,56 км3, 2021 жылы – 5,01 км3 және 2022 жылы – 4,98 км3 құрады, бұл көптеген балық түрлерінің уылдырық шашуына қолайлы нормадан екі есеге дерлік аз.
Сонымен қатар, бес жылда Каспий теңізі деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалады – бес жыл ішінде минус 1,38 метр, бұл өзен суының тайыздығымен қоса балық өтетін арналардың лайлануына әкелді. Мұндай арналардың өзеннің бас арнасының және Жайық-Каспий кеме қатынасы каналының екі жағында небәрі жетеуі ғана бар.
Сағадағы су деңгейінің төмендігінен балықтар уылдырық шашуға және қыстау үшін кіре алмай қиындық көреді.
2023 жылы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Балық шаруашылығы комитеті ұйымдастырған тендердің жеңімпазы ретінде Жайық және Қиғаш өзендерінің балық ресурстарының жағдайын бағалау бойынша зерттеулер жүргізді. Зерттеулер көрсеткендей, өзендердің қолайсыз гидрологиялық жағдайында 2023 жылы уылдырық шашуға кірген балықтардың биомассасы төмендеген: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 26 наурыздағы «Балықтардың кәсіпшілік түрлері популяцияларының оңтайлы санының нормативтерін бекіту туралы» №82 бұйрығымен белгіленген биомассаның шекті мәнінен көксерке - 56%-ға, сазан - 74%-ға, ақмарқа - 28%-ға дейін.
Өткен жылдың соңында бұл мәселе облыстық мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында және балық шаруашылығы субъектілерінің қатысуымен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды. Отырыста 2024-2025 жылдарға арналған көксерке, сазан және ақмарқа балықтарын аулау лимитін екі есе азайту туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, мұндай шешімді қабылдау кезінде Каспий теңізінде бүгінгі таңда аталған балық түрлерінің кәсіпшілік қоры сақталғандықтан, өзенге кіру үшін жағдай жасау қажеттігі ескерілген.
Дегенмен, қазіргі уақытта уылдырық шашу көші қоңы мен кәсіпшілік балық түрлерінің көбеюі үшін қолайсыз жағдайлар жөнінде атыраулық ғалымдар ғана дабыл қағуда.
Келеңсіз салдарын азайту үшін, Е.Қадимовтың айтуынша, өзен сағасындағы және Жайық-Каспий кеме қатынасы каналының теңіз бөлігіндегі балық өтетін арналарды тазарту бойынша тереңдету жұмыстарының көлемін ұлғайту қажет. Бұл мәселені шешуге тиісті көңіл бөлмеу уылдырық шашуға кіретін балық санының одан әрі азаюына, кәсіпшілікпен балық аулау көлемінің айтарлықтай қысқаруына және Жайықта кәсіпшілікпен балық аулауға толықтай мораторий белгіленуіне әкелуі мүмкін.
Бұл шектеулер әуесқойлықпен балық аулауға қатысы жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ