Мамырдың 22-25-і күндері «Қауіпсіз жол» алдын алу шарасы жүргізілді. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Г. Мұхтарованың айтуынша, мас күйде көлік жүргізгені үшін 50 жүргізуші (оның екеуі әлденеше рет қайталағаны үшін 2 тәулікке қамалды), жылдамдықты арттырғаны үшін - 120, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін - 277, апатты жағдай туғызғаны үшін - 10, қарсы жолаққа шыққаны үшін - 20 жүргізуші ұсталды. Көлік қою ережесін бұзғаны үшін 20 жүргізушіге, тиісті емес жерде жолды кесіп кеткені үшін 71 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
***
Мамырдың 28-і күні Балықшыда су полициясының қызметкерлері «Фольксваген-Венто» көлігін тоқтатып, салонынан 28 келі қызыл балық тапқан. Заңсыз балық Алмагүл ықшамауданында тұратын жолаушы әйелге тиесілі екен. Сол күні Балықшыдағы үйдің сарайынан Атырау ықшамауданының тұрғынына тиесілі 30 келі жас бекіре еті табылды. «Бекіре» операциясы басталғанда (10 сәуірде) заңсыз айналымнан 50 тонна балық (соның ішінде 500 келі бекіре), 10 келі қара уылдырық тәркіленіп алынды. 281 заң бұзушы ұсталып, 73 қылмыстық іс қозғалды, 913 мың теңгеге айыппұл салынды.