Осыдан алты жыл бұрын басталған құны миллиард сома болатын 25 спорт алаңының құрылысы әлі аяқталмай келеді.
«АЖ» бұл оғаш оқиға туралы былтыр жазған болатын. 2018 жылдың күзінде облыс орталығындағы 25 мектептің аумағына спорт алаңдарын салуға бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Келесі екі жылда мердігер «Фирма Лан» ЖШС жұмыстың 60 пайызын орындады. Осыдан кейін құрылыс тоқтап қалды.
«...Мердігердің нысанды аяқсыз қалдыру себебі белгісіз. Мердігердің әрекетіне қонымды түсініктеме беру мүмкін емес», - деп мәлімдеген еді сол кезде әкімдік редакцияның сауалына берген жауабында. Мердігер соманың басым бөлігін алып, қалдық 645 млн теңгені құраған болатын.
Әрі қарай сот процестері басталып, соңғысы өткен айда аяқталды. Осы жылдар ішінде сот әкімдіктің мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Ал құқық қорғау органдары ЖШС әрекетінен ешқандай қылмыс анықтаған жоқ. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісім (тағы да сот шешімімен) жасалды.
«Алайда мердігер дәлелді себепсіз жұмысты орындамағандықтан, 2022 жылдың 29 наурызында бұл қосымша келісімшартты тапсырыс беруші біржақты тәртіпте бұзды», - делінген редакцияның кезекті сауалына берілген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат УМАРОВ қол қойған жауапта.
«Аталған сот шешіміне сәйкес «Қалалық құрылыс бөлімі» ММ «Электрондық қаржы орталығына» (ЭҚО) мердігер мекеменің жұмысын аяқтау мақсатында қосымша келісім жасауға мүмкіндік беру туралы өтінішпен хат жолдады. Алайда бүгінгі күнге дейін ЭҚО қосымша келісім жасауға рұқсат берген жоқ», - деп түйіндеді әкімдіктегілер.
Жанжалды құрылыс ерте ме, кеш пе аяқталу керек. Дегенмен, жылдар өте келе кейбір спорт алаңдары қирап, мүлдем жарамсыз болып қалды. Балалар оларды толық пайдалана алмады, ал салық төлеушілердің ақшасы желге ұшқанмен бірдей.
Мысалы, Жилгородоктағы №20 мектептің қасында орналасқан алаңдардың бірінің көрінісі осындай.
Лев ГУЗИКОВ
Андрей КОРАБЛЕВТІҢ Facebook парақшасынан алынған сурет\видео