Атырау, 27 шілде 05:38
 ашықВ Атырау +25
$ 474.83
€ 515.38
₽ 5.50

Ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіледі – сенатор

380 просмотра
фото: freepik.com

Сенаттың жалпы отырысында бизнес жүргізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Сүйіндік Алдашев заң жобасындағы тетіктер жайлы айтып берді.

«Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі - бұл елімізде қолайлы бизнес-климатты қамтамасыз ету қажеттілігі. Қойылған міндетті іске асыруға әсер етуші қадамдардың бірі бүгін қарастырылып отырған заң екені сөзсіз. Бірінші кезекте, кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталудың арқасында. Заң мемлекеттік бақылау мен қадағалау форматын жетілдіреді, заңнамалық деңгейде жедел әрекет ету шаралары регламенттеледі. Сонымен қатар бұл шаралар шағын және орта бизнеске қатысты кезекті жазалау құралы болмауы тиіс. Заңның барлық маңыздылығына қарамастан, оның жекелеген нормалары депутаттық корпуста елеулі алаңдаушылық туғызатынын атап өткім келеді», - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төменгі және шекті бағаларды белгілеу тетігінің жойылуына байланысты.

«Жасыратыны жоқ, бұл шара жеткілікті деңгейде тиімді болмады және жергілікті атқарушы органдар мен халық тарапынан көптеген дау туғызды. Енді Үкімет шекті сауда үстемесін бақылауды күшейтуді ұсынады. Алайда, сауда үстемесінің қолдану тәртібі анықталмағандықтан бұл іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны түсініксіз болып отыр. Бұдан басқа, бүгінгі таңда қазақстандықтардың ақшалай шығыстарының 50%-дан астамы азық-түлік тауарларына тиесілі екенін ескерсек, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы қолдау көрсету тетігінің айқын, анық түрде жасақталуы маңызды деп есептеймін. Ерекше назар аударуға лайық тағы бір мәселе - ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі бастама», - деді Алдашев.

Айта кету керек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ең көп үлесі немесе 37%-дан астамы сауда саласында қызметті жүзеге асырады.

«Сондықтан Үкіметке қолдаудың осы түрін көрсетудің нақты шарттарын, тетігі мен тәртібін айқындау маңызды деп санаймыз. Мемлекеттік көмек ірі қалалардағы сауда ойын-сауық орталықтарын кеңейтудің орнына, әсіресе ауылдық жерлерде сауданың қазіргі заманғы форматтарын дамытуға, отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге ықпал етуі тиіс. Тағы тоқталып өтетін новелла - бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған түзетулер блогын көздейтінін атап өткім келеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібін жеткілікті көлемде және лайықты бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету қажеттілігі де бар. Мәселен, заң нормаларымен отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісім жасасу шарттары түбегейлі өзгертіледі.Енді мұндай келісімдер нақты қарсы міндеттемелерді белгілей отырып, ерікті емес, міндетті сипатқа ие болады. Бұдан басқа, экспортты лицензиялау құралы енгізіледі, ол шикізатты әкетуден ішкі қажеттіліктердің басымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Сүйіндік Алдашев.

Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстанның кәсіпорындары үшін отандық шикізатқа жеңілдіктер мөлшерін көздейтін ерекше бәсекеге қабілетті баға белгілеу елдің өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін елеулі серпін болуға тиіс.

«Мұндай тәсілдер өңдеуші сектордың жедел дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болуға мүмкіндік береді деп санаймын», - деді ол.


22 ақпан, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.