Атырау облысынан «А» корпусына 44 үміткердің 16-сы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің (МҚІА) тестілеуінен сәтті өтті (ол 15-27 мамырда Астанада өткен болатын). Қызмет атқарып жүрген аудан әкімдерінің ішінен тестілеуден Индер мен Исатай ауданының әкімдері өтпей қалды.
Тестілеуден кейін қалған 16 адам аймақтық кадр комиссиясында әңгімелесуден өтті, енді оларды ҚР президенті жанындағы кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның соңғы әңгімелесу сынағы күтіп тұр.
Атырау облыстық МҚІА департаменті басшысының орынбасары Қуаныш МҰРАТОВТЫҢ айтуынша, осы 16 адамның екеуі мемлекеттік қызметкер емес: біреуі мұнай компаниясында жұмыс істейді, екіншісі – кәсіпкер.
Естеріңізге салсақ, облыс құрылымында «А» корпусына кіретін 14 лауазым бар: 7 аудан әкімдері, ревизиялық комиссияның 1 төрағасы мен 4 мүшесі, облыстық МҚІА департаменті мен облыс әкімі аппаратының басшылары («Саяси мемлекеттік қызметкерлер азаяды», «Кадрлар мәселесі реттелді» жарияланымдарын қараңыз)
Агенттіктің түсіндіруінше, «А» корпусының іріктеуден өтпей қалған қызметте жүрген шенеуніктерімен 6 айға (2013 жылдың 26 қыркүйегіне дейін) еңбек келісімшарттары жасалатын болады. Содан кейін олар өз лауазымдарынан кетулері тиіс. Бірақ егер бұл орынға іріктеуден өткен адам үміткер болса, ол дереу орынды босатуы тиіс.
Астанада үміткерлерді ел заңдарын білуіне, логикалық ойлау қабілетіне, қазақ тілін білуі мен басқарушының міндетін білуіне қатысты сынақтан өткізді. Емтиханды сәтті тапсырған бір шенеуніктің пікірінше, сұрақтар ең болмағанда арасында заңдарға көз жүгіртіп шығуға ерінбейтін кез келген білімді адам үшін қиын емес көрінеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА