Атырау, 8 қазан 21:32
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атырау жері дір етті (толықтырылды)

3 088 просмотра

Бүгін, жергілікті сағат 10.59-да жоғарғы қабаттарда тұратын Атырау тұрғындары мен қонақтары еденнің теңселгенін сезінген. Ал зәулім кеңселерде жұмыс істейтін адамдар тіпті сыртқа жүгіріп шығыпты.

Суретте 10 қабатты «Isker» бизнес-орталығының ғимаратында кеңсені жалға алып отырған компания қызметкерлері бейнеленген. «АЖ» редакциясы осы ғимараттан тікелей 300 метрдей қашықтықта орналасқан. Ал үш қабатты ғимаратта отырған біз ештеңе сезген жоқпыз. Куәгерлердің айтуынша, 7-10 қабатты ғимараттарда тербеліс әжептәуір сезіліпті:

- Үстелдегі телефондар, қаламдар жерге шашылды, есіктер сарт етіп жабылды, - дейді «Эксон Мобил» қызметкерлерінің бірі. - Ғимаратта хабарландыру жасалған жоқ, бірақ адамдар не болып жатқанын бірден түсініп, лифтіге қарай жүгірді.

Сол маңға жақын жерде орналасқан ТШО ғимаратындағы қызметкерлер де кеңселеріне осылай шығыпты. Ол жердегі кейбір қабаттарда дабыл жүйесі іске қосылып, ішкі қауіпсіздік қызметі адамдарға хабарлап, кейбір департаменттің қызметкерлері дабылды күтпестен сыртқа жүгіріп шыққан көрінеді.

20 минуттан кейін дүрбелең басылып, адамдар өз кабинеттеріне оралған.

Екі сағаттан кейін Атырау облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі БАҚ-тар үшін хабарлама таратты:

«24 мамырда Астана уақыты бойынша сағат 12-де (Атырау уақытымен 11.00-де) облыстық ТЖ департаментінің Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне «Теңізшевройл» мен «Аджип» компанияларының кеңселерінен әлсіз дүмпулердің сезілгендігі туралы телефон хабарламалары келіп түсті. Атырау облыстық ТЖ департаменті Алматы сейсмологиялық тәжірибелік-метеорологиялық экспедициямен хабарласып, ол жерден мынадай түсініктер алынды: Бүгін Охота теңізінде 602 километрлік тереңдіктегі теңіз түбінде 8,2 баллды магнитудалы жер сілкінісі орын алыпты. Бұл осы жер сілкінісінің жаңғыры екен. Охота теңізіндегі жер қыртысы қозғалысының осындай жаңғырығы Астана мен Өскемен қалаларында білінген. Атырау облысында бүліншілік байқалмады. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелер әдеттегі режиммен жұмыс істеуде».

«АЖ» жорамалы: Бастапқыда, ТЖД хабарламасы келгенше біз мұны ғаламтордан табылған ақпаратқа таңған едік: кеше бізге жақын жер сілкінісі Каспийдің әзірбайжандық секторында байқалған. 02:50-де (23 мамырға қараған түні) Каспий теңізінде тербелістер тіркеліпті. Жер сілкінісінің магнитудасы 3.10, тереңдігі – 61 км құраған.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

24 мамыр 2013, 13:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.