22 мамыр күні «АЖ» тілшісі Бостондағы атыраулық кәсіпкер әрі қалалық мәслихат депутаты Әмір ИСМАҒҰЛОВПЕН қайтадан телефон арқылы хабарласып, Бостондағы лаңкестік ісін тергеуге кедергі келтіруге әрекеттенді деген айыппен ұсталған ұлы Азамат ТӘЖАЯҚОВҚА қатысты қозғалған тергеу ісіндегі қандай да бір өзгерістер жөнінде сұрастырды.
Әмір Исмағұловтың айтуынша, бүгінде ФТБ қызметкерлері Бостондағы жарылыс туралы істі қайта тексергісі келеді. Олар қазір 5-6 куәгерлерден қайтадан жауап алу үстінде.
- АҚШ журналистері де менің ұлымның кінәсіз екендігін жақсы түсініп отыр. Бұл жерде тек қана ФТБ-ның ақиқаты емес, басқа да ақиқат бар ғой. Қазір, біздің (Диас Қадырбаевтың ата-анасымен бірге – А.С.)талабымыз бойынша рюкзактың және оның ішіндегі заттардың іске қатысы бар-жоғын анықтау үшін зертханаға жіберейін деп жатыр, - дейді Ә. Исмағұлов- Себебі, жалғыз біз емес, мұндағы Американың журналистері де ұлдарымызға тағылған айып бойынша оларды тергеуге кедергі келтірді деуге қисын жоқ деп отыр. Олар ұлым Азамат пен оның досы Диас тергеуді шатастырмақ болса, ноутбукты ашып, ақпаратты жойып жіберер еді ғой деген уәж айтады. Ал шынымен де ұлдарымыз ноутбуктың ішін тіпті ашпаған да.
- Жақында еліміздегі бірқатар БАҚ-да Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың ісіне қатысты тергеу жұмыстары мен соттың әділ болуын талап еткен бір топ қазақстандық қоғам белсенділері мен тілшілердің Барак Обамаға жазған ашық хаты жарық көрді.
- Иә, мен бұл хатпен таныстым. Бәріңіз де қолдап жатырсыздар, бұл біз үшін үлкен көмек! Бізге сол әділдік керек. Сізге де рахмет.
- Сіздің ұлыңыздың адвокаты Аркадий БУХ өзінің БАҚ-қа берген бір сұхбатында сотта Азаматты кепілдікке босату туралы өтініш беремін деген болатын. Сот тыңдауы қашан өтеді?
- Әзірге соттың өтетін нақты күні белгісіз. Иә, адвокат бұл туралы айтқан болатын және сол шаруамен айналысуда. Менде әзірге осы, басқа мен жақында Лос-Анджелес журналисіне берген сұхбатымды сізге электронды пошта арқылы жібере аламын.
- Жақсы, рахмет.
Айнұр САПАРОВА