Қала билігі осы аумақтың бұрынғы иелерінің арасындағы жер телімін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Естеріңізге салсақ, қазір даулы жер телімінің (көне Гурьевтің тарихи орталығы!) меншік иесі 2020 жылдың желтоқсан айында «Каспий строй экстра» ЖШС деген мекемеден сатып алған белгілі «Атырауинжстрой - «АИС» ЖШС. Компания Пушкин – Жарбосынов – Балғымбаев – Шевченко көшелерінің периметрінде орналасқан бұрынғы қалалық саябақтың көптен бос тұрған аумағын қоршап, сол жерге тұрғын үй кешенін салуды көздеген.
Сонымен бірге, 2016 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген бас жоспарға, сондай-ақ 2021 жылы әкімдік бекіткен қаланың ескі бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес, бұл жер телімі (ортақ пайдаланылатын) жасыл желек аймағына жатады.
Осы жылдар ішінде сәулет-жоспарлау тапсырмасының (СЖТ) және тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасының мақұлданбауы салдарынан белсенді құрылыс ақыры басталмады. Жер телімінің иесі тек алаңды тазартып, бетон қадаларын жеткізіп, қағып үлгерді. Ал өткен жылдың аяғында АИС тұрғын үй кешендерін жобалауға СЖТ және техникалық шарттар беруді талап етіп, әкімдікті сотқа берді.
«Жер телімін сатып алуға қомақты қаржы жұмсалды, оны қайтару мүмкін емес. Ал (әкімдіктің – Авт.) бас тартуы жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіріп, қызметке кері әсерін тигізуде», — делінген АИС талап арызында.
Алайда, сот жоғарыда аталған негіздер бойынша талапкердің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
«Талапкер мен «Каспий строй экстра» ЖШС арасында 2020 жылғы 9 желтоқсанда жасалған сатып алу-сату шарты заң талаптарына сай келмейді және бұқара мүдделеріне (ортақ пайдаланылатын жер телімі) нұқсан келтіреді», - делінген Атырау экономикалық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімінде.
Әкім қалалық саябақтың жерін ҰҚТ-қа қалай берді
Қалалық саябақ аумағы иелерінің өзгеру тізбегін анықтай отырып, «АЖ» тілшісі көптеген қызықты нәрселерге қанық болды. Дегенмен, бәрін ретімен баяндайық.
Шұрайлы жер телімінің алғашқы иесі Атырау қаласы әкімінің 2002 жылғы 4 желтоқсандағы №402 шешімімен оған жеке меншік құқығын (қонақ үй салу үшін) алған «Азимут-2002» ЖШС болды. Бұл фирманың құрылтайшысы Атырау қаласының тұрғыны АКОПЯН болды. Ол көп ұзамай басқа қала тұрғыны СЕРГЕЕВАМЕН бірге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, алаяқтық жасады, жалған кәсіпкерлікпен айналысты және құжаттарды қолдан жасады деген айыппен сотқа тартылды. Сотпен расталған тергеу жорамалына сәйкес, сыбайластар, соның ішінде «Азимут-2002» «...кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатынсыз, несие алу, мүліктік пайда табу мақсатында, сондай-ақ бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде әлденеше рет ұрлау мақсатында бірнеше компания ашқан...» (Атырау қ. сотының 2005 жылғы 29 желтоқсандағы үкімі).
Бірақ сотқа дейін, 2003 жылдың маусым айында алғашқы сату-сатып алу мәмілесі жасалып, қалалық саябақ алаяқтардан «Евразия Парк» ЖШС-не өтіп кеткен. Әрі қарай, қала әкімдігінің мәліметінше, телім бірнеше рет түрлі компанияларға өткен:
- 2005 жылғы 26 қазанда «Атырау-Сервисес ЛТД»;
- 2007 жылғы 1 маусымда «УС № 99»;
- 2012 жылғы 23 маусымда аталмыш «Каспий строй экстра» компаниясына;
– ақыр соңында 2020 жылдың 9 желтоқсанында ол «Атырауинжстройдың» активіне айналды.
Бір қызығы, сонау 2013 жылы облыстық жер инспекциясы сот арқылы әкімнің «Азимут-2002» ЖШС жер теліміне жеке меншік құқығын беру туралы шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюға қол жеткізген. Бұл туралы «АЖ» редакциясының сауалына қала әкімдігінен хабарлады. Алайда, неліктен екені белгісіз, қалалық саябақ мемлекет меншігіне қайтарылмаған.
Өткен жылдың соңында аталған фирмалардың арасындағы жерді сатып алу-сату келісімшарттарын заңсыз деп тану, сондай-ақ бұл келісімшарттардың мемлекеттік тіркеуінің күшін жоюды талап етіп сотқа шағым түсірілгені туралы ақпаратымызды қала әкімдігі де растады. Талап арыз экономикалық сотта қаралып жатыр.
Таныс тұлғалар
Қалалық әкімдік 22 жыл бұрын қалалық саябақты қылмыскер жұпқа берген әкімдердің қайсысы деген сауалымызды елеусіз қалдырды? Бұл жерді бауырластық зиратымен қоса берді. Ол жерде 1920-21 жылдары ақ казактар атып тастаған алғашқы гурьевтік совдептіктер, сондай-ақ көше шайқастарында көтерілісшілер өлтірген қала қорғаушылары жерленген. Кейінірек жеке бастамамен олардың сүйегі қазып алынып, христиандар зиратына қайта жерленді.
«2002 жылы бекітілген ең бірінші бас жоспар бойынша қалалық саябақ аумағының нысаналы мақсаты қандай болды?» деген сұраққа да жауап бермей, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды бұзды. Түсіндірейін. Ол уақыт өте келе ескіріп, соған байланысты 2016 жылы қабылданған жаңа бас жоспарды әзірлеу қажет болды. Алайда, редакцияның қолында «Атырау қаласының алдыңғы және жаңа бас жоспарларына сәйкес қалалық саябақ аумағының мақсаты өзгерген жоқ» деп тайға таңба басқандай қылып жазылған құжат бар.
Ад бұдан мынадай қызық сұрақ туындайды: 2002 жылғы бас жоспар бекітілгеннен кейін қалалық саябақтың аумағы сатылды ма? Бұған да әкімдік жауап бермеді. Бірақ бұл жағдайда да ҚР Үкіметінің «Атырау қаласының бас жоспары туралы» №880 қаулысына 2002 жылғы 6 тамызда қол қойылғанын білу қиынға соқпады. Демек, желтоқсанда қол қойылған жер бөлу заңсыз болған!
Қалалық саябаққа иелік еткен алдыңғы компаниялардың («Азимут-2002» қоспағанда) оның қазіргі қожайыны «Атырауинжстрой» ЖШС-мен байланысы бар-жоғын анықтауға да әкімдіктегілер «ұялып» қалған. Бұл сұрақ та жауапсыз қалды. Есесіне ашық дереккөздерде «УС-99» ЖШС мен «Каспий строй экстра» ЖШС директорының бір адам - Александр ЗВЕРХОВСКИЙ екені көрсетілген. Сондай-ақ бұдан бұрын «АЖ» Әділет департаментінің ресми ақпаратына сілтеме жасай отырып, «Евразия Парк» ЖШС иелерінің арасында белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың экс-депутаты Владимир ПАК бар екенін жазған еді. Кейбір дереккөздерде ол «Атырауинжстрой» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде де көрсетілген, сонымен қатар «УС-99» ЖШС-нің басшысы. (Айтпақшы, «Атырауинжстрой» байланыстарының басқа да қыр-сырын осы жерден оқи аласыз).
Осы бір бұлыңғыр хикаяда әлі де көп сұрақ қалып отыр. Ең бастысы, әкімдік неліктен енді ғана қозғала бастады және 9 жыл бұрын бастаған істі аяғына дейін жеткізуге не кедергі болды? Ал заңның сақталуын қадағалайтын прокуратура қайда қарады?
Біз оқиғалардың қалай өрбитінін бақылап отырамыз.
Лев ГУЗИКОВ