Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдың рұқсатымен 27 мамырдың кешінен бастап 28 мамырда күні бойына Атырау қаласындағы Успен соборында ғажайып «Неупиваемая Чаша» иконасы болмақ.
Собор иерейі Михаил әкейдің айтуынша, бұл иконаның тарихы Тула губерниясының маскүнемдік кеселіне шалдыққан отставкадағы сарбазының өмірімен байланысты екен.
– Бұл бейшара бүкіл зейнетақысын, үйінің ішіндегі кәдеге жарайтынның бәрін ішімдікке жұмсап, қайыршылық күйге түскен, -деп әңгімелейді дін қызметкері. – Шамадан тыс маскүнемдікке салынғандықтан аяғы жансызданып қалады, бірақ ол ішуін тоқтатпайды. Бір күні ол адам түс көріп, түсінде дүниеден баз кешкен бір кейуана қарт келіп, Серпуховтағы Владычный монастырындағы «Неупиваемая чаша» Құдай Ана иконасының алдында дін жоралғысын жасап, құлшылық ет деп аян береді. Қария еңбектеп монастырьға келеді. Шіркеудегілердің ешқайсысы мұндай иконаны білмейді екен, олар қайсысының алдында құлшылық ету керектігін айта алмайды. Сол кезде біреуі собор храмынан ризницаға баратын жерде ілулі тұрған тостағанның суреті бар икона шығар деп жорамалдайды. Оның келесі жағынан шынымен де: «Неупиваемая Чаша» деген жазуды көреді... Ол Серпуховтан дені сау, мүлдем басқа адам болып оралады. Тек ауру аяғына шипа алып қана қоймай, ең бастысы ішімдікке деген әуестігі тыйылады. Қазіргі кезде маскүнемдікке, нашақорлыққа, темекі тартуға және басқа да есірткі мен психологиялық тәуелділік түрлерінен емделу үшін православиелік христиандар осы иконаның алдында құлшылық етеді.
Анастасия ПАСТУХОВА