Атырау қалалық №2 соты сырттай сотталған БТА банкінің бұрынғы қожайыны Мұхтар ӘБІЛЯЗОВТЫҢ туыстарына қазақстандық шетелге шығу төлқұжаттарын беруге қатысы бар тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық істі қарауда.
Бұл туралы хабарламаны Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі таратты: «Жеті адамнан тұратын топқа ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабының 4-тармағының «в», «г» тармақшалары («Ірі мөлшерде әлденеше рет пара алу») бойынша айыптар тағылды. Айыпталушылар арасында көші-қон полициясының, АХАЖ-дың қызметкерлері және кәсіпкерлер бар».
«АЖ» ақпараты бойынша, 28 наурызда басталған сот ісінің аяқталуына жақын қалған. Сот отырысы түрлі себептермен бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Соның ішінде, іске қатысы бар тұлғалардың бірі перзентханаға түскен еді (ол әйел тергеу басталмай тұрып жүкті болған).
2012 жылдың қазанында осы іс бойынша ықтимал пара беруші Асылбек САЙФУЛЛИН мен Атырау облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының инспекторы Жомарт КӨШӘЛИЕВ ұсталған еді. Сот процесі басталғанда айыптылар орындығында олармен бірге тағы 5 адам: жеке бизнеспен айналысатын делдал, Атырау облыстық әділет департаментінің үш қызметкері және ҚР Әділет министрлігінің қызметкері отырды. Айыпкерлер одан да көп болуы мүмкін еді. Тергеу кезінде өкініп, айыбын мойындап, тергеуге жәрдемдесуіне байланысты және басқа да негіздер бойынша тағы үш тұлғаға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.
Басты пара беруші – Лондонда тұратын БТА банктің несие комитетінің бұрынғы төрағасыЖақсылық ЖАРЫМБЕТОВТІҢ ісі жеке сот өндірісіне берілді. Ол екі делдал арқылы Ұлыбританияда көптен бері тұратын Мұхтар Әбілязовтың отбасы (әйелі мен кіші екі баласы) және жақын туыстары – ШАЛАБАЕВТАР мен ЖҮНІСОВАҒА арналған қазақстандық төлқұжаттарды сырттай ресімдегені үшін ақы төлеген. Айтпақшы, Жарымбетов пен Жүнісованың Бас прокуратураның 2009 жылы 32 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы қозғаған БТА банктің қылмыстық ісіне қатысы бар. Осы іс бойынша Мұхтар Әбілязовпен бірдей дәрежеде айыпталуда. Олар сырттай қамауға алынып, халықаралық және мемлекетаралық іздеу жарияланды.
Төлқұжаттар барлық тұлғалардың қазіргі фамилиялары бойынша ресімделген (жолдасының фамилиясына ауысып, Ақпенбетова болған Жүнісовадан басқасы); барлық жеке мәліметтер, төлқұжат алушылардың фотосуреттері – бәрі жарамды.
Төлқұжаттар негізінен барлық қолданыстағы стандарттарға сәйкес келіп отыр. Оған қоса, төлқұжаттар Астанада дайындалған әрі оларда тиісті формулярлар бар.
Десек те, әлі күнге дейін Англияда баяғыдан тұрып жатқан Әбілязовтың туысқандарына жаңа қазақстандық төлқұжаттардың неге қажет болған себебі дәл ашылмай отыр. Олардың бәріне, соның ішінде балаларына да сондай төлқұжаттардың бұрын да берілгені түсінікті, әйтпесе, олар Қазақстан шекарасынан шетел асып кете алмайтын еді ғой (айтпақшы, бұл Мұхтар Қабылұлы қашып кетпей тұрғанда болған).
Сондай-ақ, туыстарының ҚР Қаржылық қадағалау агенттігінің тізімі бойынша БТА банкінің үлестес тұлғалары ретінде қарастырылуы да төлқұжаттарға қатысты осы жайтта ештеңені аңғартпай отыр.
Айыптау құжаттарды ресімдеуге және алуға міндетті түрде аяқтай келмеуі және тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмеуі негізінде жүргізіліп отыр.
Бұл істің кейбір тұстарына қатысты айыпталушы жеті адамның ішіндегі екеуінің адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ толығырақ айтып берді:
– Іс бойынша Атырау облыстық адвокаттар алқасының алты адвокаты жұмыс жасап жатыр. Олардың көбі өз қорғалушыларының кінәсіздігін алға тартуда және оларға тағылған айыпттардың заңсыз екеніне сенімді. Менің екі қорғалушым төлқұжаттарды заңсыз ресімдеді деген айыпқа тартылуда. Онда да тек қана ресімдегендіктері үшін. Өйткені оларды Астанада дайындайды ғой. Қылмыстық істі ҰҚКД тергеді. Айыптау толық көлемде жүргізіліп жатыр. Сот тараптарға сот жарыссөздерін 28 мамырға дайындауды ескертті. Бұл - үкім мамырдың соңғы күндерінде жариялануы мүмкін деген сөз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА