I турдан кейін төртінші
Лисаковскіде 1998 ж.т. және одан кішілер арасында Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасы чемпионатының бірінші туры өтті.
Турнирге астанадан 10 команда және Қазақстанның 9 облысының баскетбол ұжымдары қатысты. Бірінші ойында «Атырау Барыстары» павлодарлық құрдастарын 60:50 есебімен ұтса, екінші матчта Шымкент командасынан 63:67 есебімен жеңіліп қалды. Ал үшінші ойында қарағандылықтардан 60:57 есебімен басым түсті. Содан кейін ақтөбеліктерден ұтылыс (46:52) пен астаналықтарды ұтқан (62:47) ойындармен жалғасты. Қорытындысында «Атырау Барыстары» алдына тек «БЖСМ» (Қостанай), «БЖСМ-2» (Ақтөбе) және «Қарағандыны» салып, турнир кестесінің 4-орнына жайғасты. «Барыстар» арасында Ілияс Жүнісов үздік ойыншы атанды. Келесі тур жазғы каникул кезінде Қапшағай қаласында өтеді.
***
Жауынгерді еске алу
Махамбет ауданы Ақжайық селосында оқушылар арасында Ауғанстанда қаза болған интернационалист жауынгерлер Мұхтар Рахметов, Алаш Тұржанов пен Имат Мұсағалиевты еске алуға арналған футболдан 12-турнир өтті.
Турнирге Махамбет селосының БЖСМ, Қосарал, Есбол және Қызылүй ауыл мектептерінің командалары қатысты. Махамбеттіктер жеңімпаз атанды. Еламан Ғабитов, Жігер Таңатаров және Закарьян Зинулин турнирдің үздік ойыншылары атанды.
***
Тасқала алға шықты
Ақсайдағы №25 мектептің спорт залында волейболдан мектепаралық қала чемпионаты өтті.
Турнирге12 қалалық мектептің командалары қатысты. Тасқала ауылының Т. Амандосов атындағы мектебі ұлдар арасында да, қыздар арасында да жеңімпаз атанды. Жандос Әбілғазиев, Әли Абатұлы, Нұрсұлу Жұмабаева, Шоқан Рахымбеков, Әлия Шампекова және Перизат Талғат турнирдің үздік ойыншылары атанды.
***
Алыптар айқасы
1-БЖСМ-де ауыр атлетикадан қала чемпионаты өтті.
Спортшылар жұлқа және серпе көтеру бойынша екі жаттығуда сынға түсті. Өз салмақ дәрежелерінде Руслан Айтқожин, Азамат Салыхов, Даниил Найденов, Даулет Әлжанов, Файзолла Салыхов, Дастан Қуатов, Әлібек Баймұханов, Әмір Қосмұрзиев, Бақтыбек Бектемісов және Даулет Елемесов жеңіске жетті. Чемпионат қорытындысы бойынша маусымда Қостанайда болатын Қазақстан чемпионатына қатысу үшін облыс құрамасы іріктелді.
***
Қала ішінде бес шақырым
Атырауда 200-ден аса жеңіл атлетика спортшылары қатысқан 5 шақырымдық марафон өтті.
Жүгіріс Жеңіс саябағынан басталып, АМУ ғимаратының маңында аяқталды. Ұлдар арасында Ерсұлтан Дәуіталиев (АМУ) бірінші келсе, қыздар арасында Гита Темірғалиева (АМУ) жеңімпаз атанды.
***
Ел ішінде үшіншіміз
Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дың «Жайық» спорт кешенінде 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті.
Турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 160 жас боксшы қатысты. Рингтегі айқастарды ҚР жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Аркадий Топаев пен Республикалық бокстан олимпиадалық дайындық орталығының директоры, 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов мұқият бақылап отырды.
Қорытынды есепте облыс құрамасының қоржынына үш алтын, бес күміс және үш қола медаль түсті. Жігіттеріміз Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан кейін ІІІ командалық орынға қол жеткізді. Асылхан Жиентаев (Атырау), Мерей Құрманғазы (Ганюшкино) және Расул Сатанов (Мақат) Қазақстан чемпионы атанса, Аманжол Бекболатұлы (Аққыстау), Шыңғыс Демеуов, Айдын Сағидолла, Бауыржан Шарипов және Әліби Жақсылық (барлығы Атыраудан) күміс жүлде иеленді. Айдын Баттал, Айдынғали Амантаев және Нұрсұлтан Әбдіғазы (барлығы Атыраудан) қола алды.
***
18 үздік анықталды
«Мұнайшы» спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер арасында карате-до кекушинкайдан ашық қала чемпионаты өтті.
Жарыста 18 салмақ санатында 120 жас каратеші өнер көрсетті. Шыңғыс Жұмалаев, Диана Малышева, Денис Хасанғалиев, Анастасия Смирнова, Диар Жаниязов, Дария Виноградова, Владислав Акутин, Регина Киреева, Юрий Радецкий, Александра Боос, Владимир Милехин, Георгий Сарьиниди, Азамат Абдолов, Бекболат Жаркенғали, Евгений Локин, Дархан Абайбеков, Анатолий Пак жәнеТимур Киреевтер жеңімпаз атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ