Қалалық білім беру бөлімі «Достық Атырау» жеке білім беру орталығымен атыраулық түлектерді ҰБТ-ға дайындау және қала мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру туралы меморандумға қол қойды.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Римма ҚОБДАНОВАНЫҢ айтуынша, меморандумның басты мақсаты мектеп түлектері арасында ҰБТ нәтижелерін көтеру болып табылады. Алдыңғы өткен жылдар тәжірибесі мен жақында өткізілген сынақтық тест мектептер арасындағы білім деңгейінің айырмашылығы үлкен екенін көрсетті. Жоғары нәтижелерді, негізінен, арнайы мектептер, лицейлер және гимназиялардың түлектері көрсетеді, ал «қарапайым» мектептер туралы бұлай айта алмаймыз. Мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі түлектердің көпшілігінің репетиторлар қызметіне немесе «Достық» сияқты жеке орталықтарда оқуға қолжетімсіздігі болып табылады. Келесі тағы бір маңызды сәт – пән мұғалімдерінің төмен біліктіліктері.
«Достық Атырау» орталығының директоры Мехмет ГЮЛЕРДІҢ айтуынша, оқу орталығы білім бөліміне сынақтық тесттер өткізуге, қала мектептері мұғалімдерінің біліктілігін көтеруге және аз қамтылған отбасылардан шыққандарды ҰБТ-ға дайындауға көмектесетін болады:
- Бізде жыл бойына аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға жеңілдіктер жүйесі, ал толық жетімдерге тегін оқу қарастырылған. Ең басты талап – бала талантты болып, жақсы оқуы керек.
Қалалық білім бөлімі, өз кезегінде, Орталыққа жалпықалалық іс-шаралар өткізуге, мектеп директорларына өз уақытында хабар беруге және мұғалімдерге арналған курстарды ұйымдастыруға көмек беруге кепілдік береді.
Гюлер мырза оқыту орталығында біліксіз педагогтарды қатаң іріктеу жүйесі жұмыс жасайтынын айтты. Мұғалімдердің білімі тест арқылы үнемі тексеріліп отырады. Жауап бере алмағандарға ескерту жасалып, білімін арттыруға мүмкіндік беріледі. Егер педагог келесіде де үлгермесе, жұмыстан босатылады.
Біздің мектептеріміз мұғалімдердің жетіспеушілігінен мұндай «шараларға» бара алмайды. Алайда, мұндай тәжірибеге көңіл бөлген абзал.
Римма Қобданованың айтуынша, «Достық Атыраудың» 55 қала мектептерінің ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған оқыту тренингін ұйымдастыруы осы меморандумды жүзеге асырудың алғашқы қадамы болды. Біз тренингте болдық және мұғалімдердің Сүлеймен ДЕМИРЕЛ атындағы университеттен шақырылған тренер Энес Құртай Шығаны (суретте) қалай құлшына тыңдағандарын көрдік.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор