АҚШ-та «бостондық лаңкес» Тамерлан Царнаевтың достарының бірі Ибрагим Тодашев 22 мамырға қараған түні Флорида штатындағы Орландо қаласында ФТБ қызметкерлерінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды РБК «ABC News»-ке сілтеме жасап.
Оқиға тұрғын үй ішінде орын алған. И.Тодашев пен Т.Царнаевтың тағы бір досы, Хусен Тарамовтан Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері жауап алып жатқан. Х.Тарамовтың айтуына қарағанда, «іс бақылаудан шығып кетіп», И.Тодашевті ФТБ-шілер өлтіріп тастауға мәжбүр болды.
Х.Тарамовтың сөзіне сәйкес, И.Тодашев аяқ астынан билік өкілдеріне қарсылық көрсетіп, ФТБ агентін оқ атуға мәжбүрлепті. ФТБ бұл ақпаратты растап, алайда бұдан өзге мәлімет беруден бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде Бостон марафонының мәре сызығында 12 секундтық аралықта екі үлкен жарылыс болып, салдарынан үш адам қаза тапқан болатын: бір ҚХР азаматы мен екі америкалық, оның біреуі 8 жасар бала, тағы 180-нен астам азамат түрлі деңгейде жарақат алды. Бірнеше күннен кейін америкалық арнайы қызмет мамандары лаңкестік әрекетке қатысты Солтүстік Кавказдан шыққан ағайынды Царнаевтарды күдікті деп жариялады. Арнайы операциялар барысында олардың үлкені, 26 жасар Тамерлан Царнаев, қайтыс болды. 20 сәуірде екінші күдікті Джохар Царнаев қолға түсті. Оған соңы адам өліміне әкеліп соққан жаппай қырып-жою қаруын қолдану және мүлікті қаса-қана бүлдіру айыбы тағылып отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Царнаев оған тағылған айыптаулар бойынша кінәлі деп танылған жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылып немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Дереккөз: bnews.kz