Атырау қаласының халықаралық әуежайында құс тұмауы келуінің алдын алу бойынша оқу-жаттығу өтті.
Әуежайдың санитарлық-карантиндік қосыны қызметкерлерінің ақпараты бойынша, бұл былайша көрініс тапқан: Стамбұл-Атырау бағытында ұшып келетін ұшақтың бортында А/H7N9 құс тұмауының түрлі белгілері бар (қызуы жоғары, түшкіріп, жөтеліп, тамағының ауырып, мұрнының бітіп қалғанына шағымданған) жолаушы болады.
Ұшақ қонған бойда профильдік мекеменің: дезинфекциялық, эпидемиологиялық, эвакуациялық және консультативтік топтардың мамандары келген. Вирус таратушыны (жолаушылар ішіндегі жас жігіт сол рөлге келіскен) санитарлық дәрігерлердің сүйемелдеуімен бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызыпты. Ал рейстің барлық жолаушыларын мұқият тексеріп шығып, медициналық есепке алған. Жұқпалы ауруды тасымалдаушылар анықталмады.
Оқу-жаттығулар Қытайдағы құс тұмауы індетінің асқынуы салдарынан еліміздің барлық халықаралық әуежайларында өткізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы А/H7N9 вирусын мутацияға ұшырау қабілеті болғандықтан ең қауіпті вирустың бірі деп атады. Соңғы мәліметтер бойынша, осы штаммен ауырғандар саны – 130 адам болған, 35 жағдайдың өліммен аяқталғандығы тіркелген.
Анастасия ПАСТУХОВА