Атырау, 13 қараша 09:33
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Үйге дейін ұзақ жол

3 526 просмотра

Атырау қалалық сотында көп кездесе бермейтін  сот дауы қаралды. Атырау қаласының тұрғыны өзінің және қызының жеке құқықтарының бұзылғаны жөнінде шағым берген екен.

ЛОНДОНДАҒЫ КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ

Сотқа шағымдануға келесі жағдайлар мәжбүрлеген: өткен жылдың тамызында М. есімді азамат Лондонда оқитын қызы билет алу үшін әуе билеттерін сатушы оператор болып табылатын туристік фирмалардың біріне хабарласады. Оған Алматыдан Лондонға және кері қарай, каникулға, Лондоннан Атырауға ұшу керек болатын. Агент Лондонға Алматыдан тікелей рейс арқылы, ал Лондоннан Атырауға Амстердам арқылы ұшуды ұсынады. Ұшақтардың ұшу мерзімдері клиентке ұнап, М. 169 599 теңгеге билет алды. Агент келмей қалған жағдайда салынатын айыппұлдар туралы ескертіп, ережелермен танысып, қол қоюын өтінді. Осылайша келісіп, жан-жаққа тарасты.

Оқиға 16 желтоқсанда, қызы каникулға үйге – Атырауға оралу кезінде басқаша өрбіді.

- Мен қызыма ұшар алдында жағдайы қалай екенін білейін деп телефон шалдым, ал ол қиындыққа тап болғанын айтып, зәремді алды. Лондон әуежайында оны Амстердамға ұшу рейсіне тіркеуге бас тартқан, өйткені олардың деректер қоры бойынша ол транзиттік жолаушы болып табылмайды екен және Атырауға ұшатын рейсті күту үшін Амстердамда болуға рұқсат беретін құжаты да жоқ болып шықты. Бұл жағдайда оған Нидерландыда болуы үшін шенгендік виза керек болған, - дейді М. - Әуежай өкілдері билет сатушы агент қателесіп, қыздың транзиттік жолаушы екенін куәландыратын бір ортақ билет жазудың орнына екі түрлі билет жазғанын түсіндірді. Қызым Амстердамға ұшып кеткенде, ол жақтан ешқайда кете алмастай жағдайға тап болатын еді.

 

ЖҮЙКЕ МЕН АҚША

Қызымен сөйлескеннен кейін ол жағдайды анықтау үшін туристік фирманың кеңсесіне жүгірді. Нәтижесінде ол кеңседе, қызы Лондонда бес сағат отырды. Бірнеше сағат келіссөздерден кейін туристік фирма қызметкерлері Лондоннан Стамбұлға, Стамбұлдан Алматыға, содан кейін ғана Атырауға ұшуды ұсынды. Бұған клиент келісуге мәжбүр болды және қосымша 169 440 теңге төледі.

- Қызымның каникулға келетінін білгеннен кейін, қараша айында 195 мың теңгеге Лондонға кері оқуға кететін және жазғы каникул кезінде Атырауға қайта оралатын билеттер сатып алып қойғанмын. Бұл билеттердің де Атыраудан Лондонға дейін және кері ұшу жолы Амстердам арқылы өтетін еді. Осындай жағдайға тап болғаннан кейін, келеңсіздіктер қайталанбас үшін агенттен билеттерімді транзиттік жолаушыларға арналған бір ортақ билетке кері ресімдеуді сұрадым. Кері ресімдегендері үшін менен тағы да қосымша 42 мың теңге алды. Нәтижесінде, қызым үйге келіп демалып, қаңтарда Лондонға еш оқиғасыз сәтті жетті. Алайда осының бәріне қаншама жүйке мен ақша кетті? Мен туристік фирма компаниясының өкілдері тұтынушыны негізсіз шығындарға ұшыратқан, сапасыз қызмет көрсетті деп есептеймін.

М. туристік фирмадан ауызша да, жазбаша түрде де Лондон – Стамбұл – Алматы – Атыраубағытында мәжбүрлі кері ұшу шығындарын өтеуді талап еткенін айтып өткен жөн. Компания бұдан бас тартқаннан кейін, ол сотқа шағымданды.

 

БІР МАРШРУТ - ӘР ТҮРЛІ КОМПАНИЯЛАР

Туристік фирма өкілдері тұлғасындағы жауапкерлер сотта өз уәждерін айтып, шағымды мойындамады. Олардың айтуынша, басында сатып алушыға ұшудың тағы бір нұсқасы ұсынылған: Алматы – Лондон («Эйр Астана» әуе компаниясы), Лондон – Амстердам («KLM» әуе компаниясы) және Амстердам – Атырау («ЭйрАстана» әуе компаниясы). Бұл жағдайда ұшу құны, жалпы алғанда, 219 868 теңгені құрайды және жолаушыға транзиттік виза қажет болмайды, өйткені оған жүк алу үшін Амстердам әуежайының транзиттік аймағына шығуға тура келмес еді. Себебі жоғарыда аталған екі тасымалдаушы арасында жолаушы мен оның жүктерін толассыз тіркеу туралы интерлайн-келісім бар.

Сатып алушы таңдаған екінші нұсқа жалпы сомасы 169 599 теңге болатын екі билетке ресімделді. Бұл жағдайда Лондоннан Амстердамға дейінгі ұшуды «Британ әуе жолдары» компаниясы жүзеге асырды. Ал ол компаниямен «Эйр Астананың» интерлайн-келісімі жоқ.

Осылайша, жолаушыға Амстердамнан Атырауға дейін ұшу үшін транзиттік виза алу керек. Бұл туралы, жауапкердің айтуынша, клиентке айтылған. Алайда ол арзан нұсқасын таңдаған.

 

«БҰЛ БІР ЖАҒДАЙ ЕМЕС»

Сот екі жақтың да уәждерін тыңдап, туристік фирманың қызметкері толыққанды қызмет көрсетіп, жолаушыға транзиттік виза алып беруге міндетті деп шешті. Шындығында туристік фирма, барлық сәттерді түсіндірмей-ақ, «Лондон – Амстердам - Атырау» бағыты бойынша ұшып бару мүмкін емес билеттер сатқан. Осылайша сапасыз қызмет көрсетілген. Бұл шағымданушыларды қосымша шығындарға ұшыратып, мәселені шешу барысында күйзеліске тап келтіріп, соңында ұзақ ұшуға әкеліп соқтырды.

Сот туристік фирманы 164 404 теңге сомасында Лондон – Стамбұл – Алматы – Атырау бағытында ұшып бару шығындарын өтеуге және келтірілген моральдық зияндарды өтеу үшін қызының пайдасына 100 мың теңге төлеуге міндеттеді.

- Мұндай жағдайға тап болған жалғыз біз емес. Адамдар өз құқықтарын қорғаудан қорықпаса екен деймін. Сол кезде ғана операторлар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, әр клиентке жеке көңіл бөлу жолдарын іздестіретін болады, - деп есептейді М.

Тамара СУХОМЛИНОВА

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.