Таяу уақытта Атырау прокуратурасы бүкіл монополистік кәсіпорындарға тексеру жүргізуді бастайды. Бұған «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ жергілікті филиалына таяуда жүргізілген прокуратура мен ТМРА департаментінің ортақ тексеру нәтижелері себеп болды. Ол жерде әжептәуір заң бұзушылықтар анықталды. Материалдар Бас прокуратураға жолданып, содан кейін ол жерден «бәрін тексеріңдер» деген бұйрық келді.
Бұл туралы қалалық прокуратура ұйымдастырған кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдар мен монополистердің кездесуі барысында белгілі болды. Әдетте, мұндай кездесулерде бизнесмендер өз проблемаларын қызу мәлімдеп, содан соң ештеңе де өзгермейді деп жабырқау тарасатын.
АЛ ІСКЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕ?
Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВАНЫҢ айтуынша, экономикалық соттарда бизнес пен мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік қатысы бар кәсіпорындар арасындағы дауларды қарау кезінде прокурорлар әдейі мемлекеттік қатысы бар кәсіпорындардың мүддесін қорғайды деген кәсіпкерлерде берік пікір қалыптасқан екен.
Ол ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотта «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының (кәсіпкер Владимир РОЗМЕТОВ) «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на жылыжай кешенін лизингке беру жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына байланысты залалдың орнын толтыру туралы берген талап арызы бойынша қаралған азаматтық істі мысалға келтірді («АЖ», №8, 23.02.12 ж., «Күйреу» жарияланымын қараңыз).
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның «Озтопрак» компаниясынан сатып алған жылыжайларының күйреуіне оның техникалық ерекшелігіне сай келмеуі мен сапасының нашарлығы себеп болды. Осыған қарамастан, Бекқожиеваның айтуынша, сотта прокурордың тек шаруа қожалығына ғана талабы болған.
Кәсіпкерлер сонымен қатар сот отырысына прокурорлардың қатысуы формальды түрде болады, олар тіпті іс материалдарымен дұрыс таныспаған әсер қалдырады деп атап өтті.
Кездесуде төрағалық еткен Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Руслан АБИРОВ экономикалық соттарға прокурорлардың қатысу сапасын жақсартуға уәде берді. Және жалпы Бас прокуратураның нұсқаунамасына сәйкес, прокурорлар азаматтық істерді қарау кезінде әрдайым мемлекет мүддесін қорғайтынын айтып өтті.
ҚАҒАЗДАР АЙНАЛЫМЫ
Рұқсат құжаттарын беруді созбалап, бас тарту себептерін түсіндірмейтін қалалық сәулет және қалалық жер қатынастары бөліміне талаптар көп болды. Р.Абировтың айтуынша, тексеру жұмыстары жер қатынастары бөлімінде құжаттардың 90 пайызының кешіктіріліп әзірленетінін көрсеткен.
Кәсіпкерлердің айтуынша, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар лицензия ресімдеу үшін құжаттарды оларға әр қайтарған сайын жаңа қателіктерді көрсетіп, 4-5 реттен қайтарады екен:
– Әңгіме жұмыс істегісі келетін жаңа компаниялар, кәсіпкерлер туралы болып отыр, оларға бөгет жасалады. Клиенттердің бірі бас тарту себебін түсіндірудің орнына оған: «енді келмеңіз» дегенін айтқан еді, - деп мәлімдеді бизнесмендермен жұмыс істейтін заңгерлердің бірі.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметінің өкіліне бұл сөздер ұнамай қалды:
– Егер біздің талаптарымыз көңілдеріңізден шықпаса, тікелей, Комитет сайтына электронды түрде жүгініңіздер. Заң біреу. Кәсіпкерлердің жағдайын білемін: оларға ресімдесін деп құжаттарды берсең, біздің ескертпелерімізге құлақ аспай, сол күйде қайта тапсырады.
Бұл сөз залдың, әсіресе әйелдер қауымының наразылығын тудырды. Сөйтіп, әркім өз пікірімен қалды.
БАЙШОНАСТЫҚ БИЗНЕС
Өзекті мәселердің бірі – төлеу мерзімі асып кеткен жағдайда
монополистердің коммуналдық қызметтерді ажыратып тастау тәжірибесі болып отыр.
– Ажыратып тастау секілді мұндай тетікке тыйым салу керек, ал монополист-кәсіпорындар бұл шараны тек ерекше жағдайда ғана, мәселен, жүйелі түрде уақытында төлемеген кезде қолдануы тиіс, - деп есептейді Бекқожиева.
Әлі күнге дейін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағытының аясында Атырауға көшірілген Байшонас поселкесі кәсіпкерлерінің проблемасы шешілмеген. Шағын дүкендер мен кафелердің қожайындары облыс орталығына көшіп келгеннен кейін істен қалған, бірақ олардың көпшілігі Байшонастағы бизнестері үшін алынған несиелерді төлеуді жалғастыруда. Бүгінде олар мемлекеттен үзіліп қалған бизнестерінің өтемақысын ала алмай келеді. Прокурорлар сотқа шағынып, әділдікке жетуге кеңес берді.
– Сотқа жүгіну үшін баж салығы мен адвокаттарға ақша керек. Мойнымызда несие тұрғанда, мұның бәрін қай табысымыздан төлейміз?! – деп дал болды Байшонас кәсіпкерлері.
БОЛМАШЫНЫҢ ЖАРТЫСЫ
«Атамекен» ҰЭП Атырау филиалының директоры Асылбек ЖАКИЕВ таяудағы жылу тарифінің көтерілу мәселесін қозғады:
– Шаштараз немесе дәмхана орналасқан шағын пәтердегі жылу энергиясы үшін төлемақы айына 100 мың теңгедей құрайтын табыстың 30-50 пайызын «жеп қояды». Сондықтан көпшілігі жабылуға мәжбүр болады. Ал мемлекеттің басымдығы – жеке кәсіпкерлікті дамыту. Оның үстіне ЖК жұмыссыздықты азайтады, салық төлейді. Монополистер ЖК-лерге заңды тұлға ретінде қарайды. Бірақ «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР Заңында мұндай норма жоқ.
Бұдан басқа, азаматтық заңнамаға сәйкес, жеке кәсіпкерлер заңды тұлғалар боп саналмайды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА