Атырау, 28 наурыз 23:34
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Күйреу

3 394 просмотра

Ауыл шаруашылығы шенеуніктерінің «қателіктері» үшін кәсіпкердің 140 миллион теңге төлегені туралы

 

Махамбет ауданының Сарайшық селосында құрылысы аяқталмай қалған алып жылыжай опырылып қалды. Шыны әйнекпен қапталған металл конструкция ақпанның желіне шыдамады. Бір гектардай алаңдағы және жобалық құны миллион еуродан астам нысан «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның жеңілдік лизинг шартымен атыраулық кәсіпкер Владимир РОЗМЕТОВ үшін салынған болатын.  «ҚазАгроФинанстың» таза зияны 152 миллион теңге құрады (естеріңізге салсақ, бұл ауыл шаруашылығы министрлігінің АҚ-ға шаруаларды қолдау үшін бөлген мемлекеттік қаржысы). Бизнесменнің шығыны 140 млн теңгеге жақындап қалған. Іс жүзінде жерге көмілген ақшалар құжат бойынша игерілген.

Тропикалық сырқат

Сырттай қарағанда алып кешеннің шамамен оннан бір бөлігі  ғана бүлінген секілді. Алайда Розметовтің айтуынша, құрылыс түгелдей формасын өзгерткен. Өйткені, бүкіл секция өзара байланысты және кез-келген элементтің қисаюы домино секілді тізбек реакциясын туғызады екен. Бірақ Розметов 1-інен 2-ші ақпанға қараған түні соққан дауылды желдің бұған еш қатысы жоқ, сапалы салынған жылыжай түрлі ауа-райы қолайсыздығына төзімді болуы тиіс, - деп отыр.

– Бастапқыда жобаға біздің климатымызға лайықты жылыжайлар салу жөнінде тәжірибелері бар голландықтарды шақырулары тиіс болатын. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыларды басқаруды сеніп тапсырған «ҚазАгроФинанс» компаниясы күтпеген жерден ешкім білмейтін түрік компаниясымен жұмыс істегенді жөн көріпті, -дейді Владимир Розметов.

 «Озтопрак» фирмасы Атырауға тропикті климатқа арналған жылыжайды салып берген. Жобаның толық құнының басым бөлігін түріктерге аванспен төлеген.

 

Құны миллиондық ұсыныс

2008 жылдың қаңтарында табысты «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының қожайыны Владимир Розметовке «ҚазАгроФинанс» АҚ Атырау филиалының директоры ВераДЮСАЛИЕВА лизингтік негізде алаңы 10 мың шаршы метр болатын жылыжай сатып алу туралы жақсы коммерциялық ұсыныспен шықты. Жобада тараптардың өзара қатысуы: қаржының 25%-ын кәсіпкер, қалған төрттен үш бөлігін «ҚазАгроФинанс» салу қарастырылған.Ол миллионнан сәл астам еуро сомаға бағаланды. Жылыжайды тапсырғаннан кейін оны шаруа қожалығына 6 жыл ішінде жылдық 4 пайыз мөлшерлемемен сатып алу шартымен беруі тиіс болатын.

– Прайсты, лизинг келісім- шартының бүкіл шарттарын, сауатты бизнес жоспарын беріп, құрылыс сапасын бақылауға, металл конструкциясына үш жыл кепілдікпен, қызмет көрсетудің алғашқы жылында агрономдық көмек береміз деп уәде беріп, көз жеткізерліктей таныстырылым өткізді. Содан соң мен келістім, - деп әңгімелейді Владимир. - Аудандық әкімшілікке жолықтым, ондағылар маған қолдау көрсетті. Тез арада жұмылып газ, жарық, су жүргіздік. Облыс маған қолынан келгенше көмек көрсетті: бәрі де жылыжайдың тездетіп іске қосылғанын қалаған еді. Жылу қазандығын, кеңсе құрылысын салып, болашақ жылыжайдың алаңын дайындадым. Түсінесіз бе, керемет идея болатын. Тек оны орындау  дұрыс қолға түспеген.

Құпияланған жоба

Мердігерлермен түсінбестік алғашқы күннен-ақ басталыпты. Олар келген бойда жер бетіне бетон құя бастаған. 

– Мен жұмысты тоқтатып тастадым: бізде топырақтың қату тереңдігі бір жарым метр ғой, - деп сөзін жалғастырды Владимир. – Барлық мүдделі тараптардың өкілдерін шақырып, барлық инстанцияларға жазбаша хат жаздым, комиссия келіп, олар менің дәлелдеріммен келісті. Өз ұсыныстарын берді де, кетіп қалды. Содан кейін жұмысты қайтадан бастады. Іргетасты 40 см-ге тереңдетті. Алайда мұндай іргетас бәрібір біздің аязымызға шыдамайды ғой. Бірақ сол кезде «ҚазАгроФинанс» түріктермен келісім шартқа қол қойдыңыздар, енді сіздің шаруаңыз дайын нысанды қабылдап алу дегендей, мені құрылысқа бақылау жасаудан шеттетіп тастады. Айтпақшы, жылыжайдың жобасын әлі күнге дейін менің қолыма берген жоқ. Мен тіпті сот арқылы да олардың жобаларына қол жеткізе алмадым (Розметов 2011 жылдың мамырында азаматтық тәртіппен «ҚазАгроФинансқа» келтірілген зиян үшін талап арыз берген болатын- З. Б.). Түріктерден жоба көшірмесін алғым келгенде, олар оны көрсетуге келіспеді. Сол жоба бар ма екен өзі, оны да нақты білмеймін.

– Сіз жобаны көрмепсіз. Ендеше жылыжайдың тропиктік климатқа арналғанын қайдан білесіз?

– Түсінесіз бе, біздің ешқандай тәжірибеміз болған жоқ қой. Жылыжайды техникалық тұрғысынан, яғни, біздің климатымызға сай дұрыс таңдамағанын енді ғана сеніммен айта аламын. Менің бұған күмәнім жоқ. Бұл жылыжайдың әйнегі бір қабатты, ал біздің климатымызға кем дегенде екі қабат әйнек салу керек. Іргетасы туралы айтып кеттім, ондай тереңдік тек қыстағы ауа температурасы +5 градустан төмен болмайтын елдерге ғана лайықты. Бұл жылыжайдың нөсерлі канализациясы да сыртында.   

Розметовтің айтуынша, осынау ерекшелікке кейінірек шақырылған сарапшылар бірден назар аударған. Қолданыстағы технологияға сәйкес, нөсерлі канализация, яғни сыртқа жиналған сулар ағатын тұрбалар климаты қатаң елдерде ғимараттың ішкі жағына жүргізілуі тиіс. Осылайша су жылынып, пайдаланылуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда, ол сыртта сүңгіге айналып, құлап түскен жағдайда әйнекке зақым келтіруі ықтимал.

Түріктер нысанды 2008 жылдың қыркүйегінде тапсыруы тиіс болатын. Сол уақытта ол құрастырылып та қалған еді. Бірақ олар монтаждау және жіберу-реттеу жұмыстарын аяқтамастан кетіп қалған.

– 2009 жылдың көктемінде металл конструкциясының салмағын көтеріп тұрған, терең құйылмаған іргетасы екіге жарылып, кей жерлері бір бүйіріне жарты метрдей ығыса бастады. Жылыжай не құлайды, немесе оны бұзу керек деген мәселе қойылды. Менің бастамаммен екі тәуелсіз сараптама жасалды. «Қазақстанның жылыжай технологиялары» компаниясының инженерлері іргетас тереңдігінің климат талабына сай келмейтіндігіне бірден назар аударды. Тексеру нәтижелері бойынша: «құрылыстың мақсатқа сай емес аяқталғандығы туралы» қорытынды жасады. «Құрылыс консалтинг» ұлттық орталығы да осындай қорытынды берді.

Біз оны бұзбай, бүкіл конструкцияны бекітуді ұсынып, сызбалық жоба жасадық. Оны барлығы, соның ішінде «ҚазАгроФинанс» та мақұлдады. Бірақ түріктер ақыры келмеді. Күз болып қалды. Сол кезде «ҚазАгроФинанс» маған жұмысты өз күшімізбен және өз ақшамызбен жүргізуге ұсыныс беріп, кейін кеткен шығынды өтеуге уәде берді. Мен конструкцияны бекіттім, бірақ оған кеткен 39,8 млн теңгені  ақыры қолыма ұстаған жоқпын.

Бүгінгі күні «ҚазАгроФинанстың» жобаға салған қаржысының жалпы сомасы 202 млн теңгеқұрайды (оның 25%-ы – кәсіпкер салған аванс). Ал Розметовтің қосымша шығындалған сомасын есептегенде, оның айтуынша, 140 млн теңге болған. Сондай-ақ, жоба бойынша осы уақытта уәде етілген 108 млн теңге кіріс те алынған жоқ.

 

«Сіз ештеңе дәлелдей алмайсыз»

Парламент депутаты Айгүл СОЛОВЬЁВА депутаттық сұраныс жасап, 2010 жылы облыстық ҰҚК департаменті мен қаржы полициясы тергеу жүргізген болатын.

– Материалдар Астанаға жолданды, енді тергеудің қандай кезеңде екенін біз анықтай алмаймыз,– дейді Розметов. – Бірінші инстанциядағы экономикалық сот өткен жылдың мамыр айында мемлекеттің ақшалай қаржыларын лизингтік қызметке пайдалану жөніндегі «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның қателіктері» туралы жеке ұйғарым шығарды.

– Соттың ұйғарымына қатысты «ҚазАгроФинанс» қандай реакцияда болды?

– Ешқандай. Дауласатын да ешкім қалмады: мен келісім-шарт жасаған басшылар ауысып кетті. Жақында Астанаға «ҚазАгроФинанс» АҚ басқармасының жаңа төрағасы Нұрлыбек МАЛЕЛОВКЕ барып, одан: «Шығынды өтейсіз бе?» деп сұрадым. Ол: «Жоқ, біз де шығынға ұшырадық. Сондықтан ұмытыңыз. Сіз ештеңе дәлелдей алмайсыз» деді. Айтпақшы, «ҚазАгроФинанстың» Атырау филиалындағы қызметкерлердің барлығы жөні түзу адамдар екен, олар сотта маған қарсы куәлік еткен жоқ. Бірақ сол кездегі командадан ешкім де қалмаған, олардың барлығы қазір ол жерде жұмыс істемейді.

 

Талап-арыз нәтиже бермеді

Мен «ҚазАгроФинанстың» астаналық кеңсесіне редакция сауалын жолдаған едім. Өйткені, осы жоба бойынша бүкіл шешім сол жерде қабылданған болатын. Жауап мынадай болды:

«Атырау облысындағы «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жылыжай кешені түріктің «Озтопрак» компаниясының технологиясы бойынша салынды. Алаңы 1 га болатын кешеннің жобалық қуаттылығы – жылына 400 тонна көкөніс өнімдері. Жобаның құны – 1 млн еуро. Жылыжайда қиярлар мен қызанақтар өсіру жоспарланған. Осы жобаны қаржыландыру сомасы «ҚазАгроФинанс» АҚ тарапынан 202 млн теңге құрайды. Бұл сомадағы лизинг алушының өзінің аванстық төлемі 50 млн теңге болады.

Қаржы лизингісінің келісім- шарты 2008 жылдың наурызында жасалды. Жылыжай жиынтықтарын жеткізу 2008 жылдың қыркүйегінде жүзеге асырылған. Кәсіпкердің голландық жылыжайды түрік жылыжайымен алмастырған деуі шындыққа сай келмейтінін атап өткен жөн. Жобаны жүзеге асыру проблемалары құрылысты  түрік компаниясының сапасыз салуына байланысты басталған. «Озтопрак» компаниясы құрылысты аяқтамастан2009 жылдың шілдесінде Қазақстан аумағынан кетіп қалды. Алақол мердігерге ықпал ету өтінішімен кәсіпкер «ҚазАгроФинанс» АҚ-на шықты.

Владимир Розметовтің «ҚазАгроФинансты» түрік компаниясына өз міндеттемесін орындату үшін жеткілікті әрекет жасамады деп айтуы дұрыс емес.

Лизингтік компания 2010 жылы атыраулық кәсіпкерге «Озтопрак» компаниясына бірлесіп талап қоюды ұсынған еді, бірақ Розметовтің тарапынан жауапты қадам болған жоқ. Келісім-шартқа сәйкес, жылыжайды монтаждау мен пайдалануға беруге қатысты барлық мәселелер жеткізуші-лер арасындағы, яғни «Озтопрак» компаниясы мен лизинг алушының («АтырауАгро-Өнімдері» ШҚ) арасында жасалған жеке келісіммен реттелетінін атап өту керек. «ҚазАгроФинанс» осы жобаны қаржыландыруға байланысты міндеттемесін орындады, бұл туралы шаруа қожалығының басшысының өзі сұхбатында атап өтті.(Іс жүзінде мұндай келісім атымен жоқ – жеткізу келісім-шартында қысқаша айтқанда монтаждауға кедергі келтірмеу дегенге келтірген шарт айтылған, бірақ бұл келісімге қол қойылмаған – З. Б.).

Проблеманы шешуге қазақстандық лизингтік компания Қазақстанның да, Түркияның да мемлекеттік органдары мен түрлі ұйымдарын тартты. Екі елдің елшілігі, Түрік Республикасының Іскерлік Кеңесінің атқарушы комитеті, Түркияның Сауда Палатасы мен Биржа Одағы іске қосылды.

2010 жылдың шілдесінде «ҚазАгроФинанс» АҚ «Озтопрак» компаниясын құрылыс нормаларына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мәжбүрлеу туралы сотқа талап, арыз берді. «ҚазАгроФинанс» АҚ алған шаралардың нәтижесінде «Озтопрак» компаниясы нысандағы жұмысты қайтадан қолға алды. Алайда біршама уақыттан кейін мердігер қайтадан құрылысты тоқтатып тастады.

Қазақстан компанияны түріктің Измир қаласының сотына берген талап-арызы нәтиже берген жоқ. Измир мен Анталияда «Озтопрак» компаниясының кеңселері жұмыс жасамайды екен. Компанияның сайты да ашылмайды.

«ҚазАгроФинанстың» ақпараты бойынша, Атыраудағы қырсық шалған жылыжай бірінші жоба болған. Ол да әрі-сәрі күйде қалды. Қазір осы мемлекеттік компанияның активінде Голландиямен, Ресеймен, Қазақстанмен, Израильмен... серіктестікте жүзеге асырылған және құрылысы жүріп жатқан 10 жылыжай бар екен. Яғни, «ҚазАгроФинанстағылар» алғашқы жобаның сәтсіз-діктерін тәжірибенің жоқтығына сілтейді. Розметовпен болған дауға келер болсақ, әлі күнге дейін компанияда «шешімді іздестіру» жұмыстары жүруде.

«ҚазАгроФинанс» АҚ 1999 жылы 28 желтоқсанда ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірін шешуге – техникалық паркті жаңартуға қолдау көрсету үшін құрылған. Қоғам «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіреді.

Негізгі мақсаты – ауылшаруашылық тауар өндіру-шілерін қаржы құралдарына, сондай-ақ лизингтік негізде ауыл шаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарға қолжетімділікпен қамтамасыз ету арқылы республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау көрсету.

Жылыжайдың бастапқы тапсырыс берушісі – «Раушан» шаруа қожалығы. Ол үшін 2007 жылы түріктің «Озтопрак» компаниясымен жеткізу келісім-шарты жасалды.  Бірақ соңғы сәтте тапсырыстан бас тартты. Қағаз жүзінде олардың өз қаржылары жетпей қалған. Ал іс жүзінде оның себебі басқада екеніне Розметов сенімді: «Раушан»  бастапқыда голландықтармен жұмыс жасағысы келген, ал орындаушы түріктерден өте жоғары бағамен барлық жағынан арзан тұратын жылыжайды сатып алған.

 

«Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-нің сараптама қорытындысынан:

«Жұмысжобасы, жылыжайдың тораптары мен жүйелеріне құжаттамалар, жабдықтарға төлқұжаттар, құрылыстың орындау құжаттары түгелдей жоқ. Түріктің аграрлық-өндірістік жобасына сәйкес жылыжай TSE-мен (түрік стандарттарының институты) орындалған және Атырау қаласының климаттық аймағына пайдалануға арналмаған. Іргетастар дұрыс құйылмаған, бұл жылыжайдың әжептәуір қисаюына және кешен жүйесінің жарамсыз болуына әкелген (желкөз желдеткіші, әйнектеу контуры, нөсерлі канализация). Бұл кемшіліктер жылыжайдың конструкциясы мен жүйелерін бұзбайынша жойылмайды. Жылыжай кешенінің барлық технологиялық жүйелерін монтаждау қолданыстағы нормалардан ауытқып орындалған (немесе аяқталмаған) және қазіргі күйі жұмысқа жарамсыз».

 

Редакциядан

Осыған байланысты бірнеше сұрақтар туындайды.

Біріншіден, біріккен жобаға ұсыныс білдірген «ҚазАгроФинанстың» өзі, ендеше кәсіпкер Розметов неліктен мемлекеттік компанияның «сабақ болған қателігі» үшін өз есебінен төлеуі тиіс?

Екіншіден, «тропикалық» жылыжайды күрт континентальды климатқа жеткізу келісім-шартын өте жоғары бағамен жасаған болса, «ҚазАгроФинанста» қандай мамандар отыр? Владимир Розметов бізге: «Сарапшылар осы жылыжайдың бір шаршысының бағасы – 100 еуро дегенде жағаларын ұстады. Ал мұндай жылыжайлардың орташа нарықтық бағасы ол кезде 15-20 % төмен болатын» деді.

Ең соңғы сұрақ, «ҚазАгроФинанс» өз құрылтайшысы – ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында жерге көмілген миллиондар үшін қалай есеп берген? Жалпы өзі есеп берді ме екен?

Дегенмен, қаржы полициясы тергеу жауабын бергенше, бұл сұрақтар мазмұнсыз боп қала бермек.

22 ақпан 2012, 19:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.