АСТАНА. 22 мамыр. Baq.kz – Бүгінгі қарқынмен өндіріле берсе елдегі мұнай, газ, көмір қоры ары кетсе 50-60 жылға ғана жетеді. Сондықтан күн энергиясын тиімді пайдаланып, жасыл энергияға көшуді қазірден қолға алу керек. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бүгін Астана экономикалық форумы аясында «ЭКСПО-2017» тақырыбында өткен жиында осылай деді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Тәуелсіздік сарайының 2 қабатындағы Медиа сити залында «Болашақ энергиясы біздің өмірімізді қаншалықты өзгертеді?» тақырыбында интерактивті пікір-талас ұйымдастырылды. «Астана ЭКСПО-2017» АҚ, «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы мен «Kazenergy» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары ұйымдастырған шараны Стэндфорд Университеті қаржы саясатының энергетикасын зерттеу Орталығының ғалымы Джефри Болл жүргізді
Ал спикер ретінде ҚР ҚОҚМ министрі Нұрлан Қаппаров, Орталық Азия бойынша Кембридж форумының төрағасы, Орталық және Ішкі Азия бойынша Комитетінің сыйлы хатшысы Сидхарт Саксена, «Kazenergy» Қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымының бас директоры Әсет Мағауов, Венесуэла бөлімінің Миллениум жобасының төрағасы Хосе Кордейро мен «HIS CERA» аға директоры қатысты.
«Бүгінгідей қарқынмен өндіре беретін болсақ, біздің елдегі мұнай, газ, көмір қоры ары кетсе 50-60 жылға ғана жетеді. Осының алдын алу мақсатында біз Елбасының бастамасымен күн энергиясын тиімді пайдаланып, жасыл энергияға көшуді қазірден қолға алуды қарастырудамыз, - деді Н.Қаппаров.
«Бұл ретте атом энергетикасын да ескермей болмайды. бірақ бұл қадамға бармай тұрып, Қазақстанның экологиялық ахуалына жіті назар аудару керек», - дейді Миллениум жобасының төрағасы Хосе Кордейро.
Дереккөз: baq.kz