«Әділдік жолы» Атырау филиалы Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында еңбекақы мен сыйақыны негізсіз төлеу фактілерін анықтады.
Білім мекемесіндегі қаржылық заңсыздықтар 2018 жылы басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келген. Мысалы, мектеп қызметкері басқа мекемеде жұмыс істеген, яғни 2022 жылдан бастап Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында тәулігіне 11 сағат жұмыс істеген.
Бұл жерде: «бір қызметкер физикалық тұрғыда қалайша екі мекемеде жұмыс істеп, жалақысын уақытында алып жүрген?» деген қисынды сұрақ туындайды. Бұл ретте ҚР Еңбек кодексінің 68-бабының талаптары бұзылған.
Бұдан басқа, қаржылық есептілік бұрмаланумен қатар 2018-2022 жылдар аралығында негізсіз сыйақылар төленген. Жоғарыда аталған қызметкер бұл сыйақыларды да алған.
Осы деректерді назарға алып, қоғамдық бірлестік филиалы Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдады. Нәтижесінде тексеру жүргізіліп, арызда келтірілген дәлелдер расталды.
Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының есепшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің «Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы» деп аталатын 238-бабы 2-тармағы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, қызметкер айыппұл төледі.