4 қаңтарда Геолог емханасының бір топ орта буын медицина қызметкерлері еңбекақыға, үстемеақыға және сараланған жалақыға көңілі толмайтындарын жеткізді. Айтуларынша, жалақы мен бұл үстемеақылар, қосымша төлемдер күнкөріске жетпейді. 5 қаңтарда медицина қызметкерлері жалақының аздығына шағым жасағаннан кейін денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылып, бұл дерек бойынша қызметтік тексеру басталды.
Медицина қызметкерлерінің талабы қаншалықты заңды екенін комиссия анықтайды. Қызметтік тексеру денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар ӘБДАЛИЕВТІҢ бұйрығына сәйкес басталды. Ол бес күн ішінде жүргізіледі және 15 жұмыс күнінен кейін медицина қызметкерлеріне жауап беріледі.
Бұл туралы «АЖ»-ға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл АБИЛОВА хабарлады.
– Кеше Геолог емханасында орта буын медицина қызметкерлерімен кездестім. Оларды жалақы мен сыйақы мөлшері, сараланған жалақы да қанағаттандырмайды. Жалпы, экономикалық және қаржылық мәселелерге медицина мекемесінің директоры жауапты. Медицина мекемесінің несиелік берешегі болмаса және үнемделген қаржысы болса, онда қосымша төлемдер мен үстемемақы есептеу туралы шешім қабылданады, - дейді Әбілова.
Енді, оның айтуынша, тексеру аяқталған соң басқарма басшысы мен комиссия төрағасы емхана қызметкерлерінің отырысын өткізіп, комиссия шешімімен таныстырады.
Еске салсақ, былтыр қазан айында Жұмыскер ауылындағы №4 қалалық емхананың қызметкерлері жұмыстың көптігіне, мамандардың тапшылығына, жалақының аздығына және тиесілі қосымша ақының жоқтығына шағымданған болатын.
Олардан соң қараша айында №5 қалалық емхананың бір топ медицина қызметкері үнемделген қаражаттың жоқтығынан жыл бойы сараланған төлемақы төленбегеніне наразылық білдірді. Осыдан кейін емхана директоры өз еркімен қызметінен кетті. Екі факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің шағымы негізсіз емес екені белгілі болды.
Сондай-ақ, 29 қазанда Атырау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген №4 қалалық емхана директорын ұстағаны туралы хабарлағанын атап өтеміз.
24 қазанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айнұр САПАРОВА