Әлеуметтік желіде Атырауда далада жатқан бірнеше тонна картоп пен жуа қапшықтарының видеосы тарады. Видеоға сипаттама берген авторлар «қалалық қоқысқа тастағанша жағдайы төмен адамдарға бермеді ме, халықтың ақшасы далаға кетті ғой» деп сынап, әдейі дефицит жасау үшін қоқысқа тастаулары мүмкін деген де пікір білдірген. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттейтін тұрақтандыру қорына жауапты «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын кінәлайтынын да тілге тиек етті видео авторлары.
«ШІРІГЕН ЖУАНЫ АДАМ ТҮГІЛ, СИЫРҒА ДА БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ»
«АЖ» тұрғындар айыптады деген «Атырау» ӘКК-нің баспасөз хатшысы Гүлнәз КӘРІМЖАНҒА комментарий алу үшін сауалдарын жолдады. Ол «Атырау» ӘКК» АҚ азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар ҚҰРМАНӘЛИЕВТІҢ берген жауабын жазбаша жолдады. Бұл жауапта Құрманәлиевтың айтуынша, бұл көкөністердің «АгроФеликс» шаруа қожалығына тиесілі екенін және тұрақтандыру қорының тауарына жатпайды әрі жеуге жарамайды.
- 2023 жылы «Агрофеликс» шаруа қожалығы 8 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын қоймаға жеткізді. Тауарларды іріктеу барысында бұзылғаны анықталып, қалалық қоқыс алаңына шығарылды, - дейді Құрманәлиев.
Ал «АгроФеликс» ШҚ жетекшісі Енисей ЮН «АЖ» тілшісіне берген комментариінде қалалық қоқысқа тек жуа тасталғанын айтады.
- Біз картопты тастаған жоқпыз. Бұл жуаның маусымдық табиғи бұзылуы. Оны іріктеу кезінде дұрысын саудаға шығарып, бұзылғанын қоқысқа тастаймыз. Бұл жуа тұтынуға жарамсыз. Әлеуметтік желіде ең болмаса сиырға, жағдайы төмен адамдарға бермеді ме деп жазып жатыр. Бұл шіріген жуаны қалай жейді? Адам уланып қалады ғой одан. Бұдан да зор проблема болады. Бұл жуаны малға беруге зиян. Егер оны мал жесе, онда суат болу керек қасында. Егер су болмаса, мал өледі. 2020 жылы Индер ауданында сиырлар шіріген жуа жеп, су болмағасын өлді. Жағдайы төмен адамдарға қалай береміз, егер жуа жеуге жарамсыз болса?
- «Атырау» ӘКК-де бұл көкөністің сізге тиесілі екенін және тұрақтандыру қорына еш қатысы жоқ деп жауап берді.
- Иә, менікі, оларға қатысы жоқ. Мен былтыр 4000 тонна жуа өндірдім. Тұрақтандыру қорына 1500 тонна жуа бердім.
- Яғни, бұл таза өз ақшаңызға егіліп, өсіріліген жуа ғой? Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядан тұрақтандыру қоры бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін алынған қайтарымды қарызға қатысы жоқ, солай ма?
- Иә, бұл жуаның оған қатысы жоқ. ӘКК алдындағы бұл қарыз бойынша келісімшарт міндеттемелерін біз толық орындадық. 1500 тонна жуаның 300 тоннаға жуығын саттық. Қалғаны қоймамда сақтаулы тұр.
- ӘКК-ның қоймасы жоқ қой, тауар өндірушілер өз қоймаларында сақтайды, бұл түсінікті. Ал сізге ӘКК қанша ақша бөлді?
- Бұл айналым үшін қайтаратын қарыз. Маған 1500 тонна жуа үшін 815 млн теңге қарыз берді. Соның белгілі бір бөлігін игердім.
ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫ: 2023 ЖЫЛЫ БЮДЖЕТТЕН ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНДІ?
«Атырау» ӘКК» АҚ азық-түлік департаментінің директоры Қайсар Құрманәлиев «АЖ»-ға берген комментариінен бөлек, тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты ақпарат ұсынған.
- Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 түрін бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінен аспайтын бағалар және рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері бойынша, сондай-ақ нарықтық орташа 20%-ға төмен бағалар бойынша сатылуда. Тұрақтандыру қорына 5136 тонна көкініс өнімі жеткізілді, бұл көлем облысты 2024 жылдың сәуір айына дейін қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы тауарлары-картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат қаланың 3 базарында және 3 аулалық сауда павильонында және «Лидер», «Идеал» 32 супермаркеттерінде сатылады, - дейді Құрманәлиев. - Ал 14 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары облыс бойынша 36 Лидер және Идеал супермаркеттерінде сатылады (оның ішінде: Индер ауданы бойынша – 1, Жылыой ауданы бойынша – 2, Мақат ауданы бойынша -1), қаланың "№1 ет гастрономы" 6 павильонында, 3-"Ярмарка"супермаркеттерінде және "Халил Уста" 2 дүкенінде сатылады. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданында 2 сауда желілерде сатылуда. Айта кету керек, 1-сұрыпты ұннан жасалған нанның бағасын тұрақтандыру үшін Атырау облысы бойынша ұн тартатын кәсіпорнымен шарт жасалды. Бүгінгі таңда наубайханаларға әлеуметтік нан жасау үшін 1-сұрыпты ұн сатылуда. «Атырау» ӘКК» АҚ аймақты қантпен қамтамасыз ету және тапшылықты болдырмау үшін "Көксу қант зауыты" ЖШС – мен жеткізу туралы қарыз шартын жасасты.
Осы жауаптан соң және Енисей Юнның жауабынан соң біз қайтадан Құрманәлиевке ұялы телефон арқылы хабарласып, «Атырау» ӘКК» АҚ Атырау облысының Тұрақтандыру қоры бағдарламасын іске асыру мақсатында бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті сауда желілері, тауар өндірушілерге және көкөніс тауар өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қайтарымды қарыздар көлемі бойынша сауал қойдық.
Құрманәлиевтің сөзінше, 2020 жылдан бастап 2023 жылдар аралығында кәсіпкерлерге 3,2 млрд теңге айналым схемасы бойынша қайтарым қарыз бөлінді. Биыл «АгроФеликс» ШҚ-на ӘКК-ден 5136 тонна көкөніс тұрақтандыру қорына жеткізгені үшін 817 млн теңге бөлінген. Құрманәлиевтің ақпараты бойынша ЮН жалпы көлемі 8 мың тонна көкөніс өндірген.
Айнұр САПАРОВА
Видео әлеуметтік желіден