Атырау, 26 қараша 02:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сиырлар жуа жеп өлген бе?

Сурет Бейнежазба
4 320 просмотра

Индер ауданындағы Жарсуат пен Құрылыс ауылдарының тұрғындары малдары неден қырылып жатқанына бастары қатып, білмей дал. Олар мал «АсылАгро» ШҚ-на қарасты алқаптағы жуаға жайылғандықтан осылай болған деседі. 23 қарашада ауылдық мәдениет үйіне 20 шақты адам жиналды (шектеуге байланысты көп адам шақырылмаған).

Аудан әкімдігі мен мамандар бұл жиынға келгенімен, шаруа қожалығынан ешкімнің төбе көрсетпеуі жұртшылықтың наразылығын туғызды. Бірақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВ ШҚ басшысының науқастанып қалуына байланысты келе алмағанын жеткізді.

- Жақсы, егін салды екен, олар өнімді жинап алғаннан кейін жерді қандай күйде тастап кеткені туралы аудан мамандары тарапынан бақылау болуы керек қой. Егін алқаптарына пластиктерді қалдырып, шашып, орындарын жинамайды. Жерді бүлдіріп жатыр ғой, жайылыстан бір, малдан екі айырылып отырған түріміз мынау, - дейді ашынған ауыл тұрғындары Мағзом ТҰРЖАНОВ пен Қоныс ЖАНАЛИСОВ.

«АсылАгро» ШҚ биыл 20 гектарға егін ексе, оның 10 гектары - картоп, қалғаны жуа. Жиын-терін науқаны аяқталғасын олар егістікті қоршаған материалдарды сыпырып алып кеткен. Оған мал жайылып, қарашаның 18-і күні мал өлімі тіркелген. Қазір 13 ірі қара өліп, ал 10-ы ауырып тұрған көрінеді.

Өзін Ғалыммын таныстырған Жарсуат ауылының тұрғыны бір сиырының өліп қалғанын, тағы төртеуі ауырып тұрғанын айтты.

Аудан әкімінің орынбасары Салауат ӨТЕҒҰЛОВ осы жайға байланысты ауданда жедел зерделеу тобы құрылғанын хабарлады.

- Өлген малдан сынама алынып, облыстық мал дәрігерлік зертханасына сараптамаға жіберілді. Қорытындысы бір апта ішінде шығады. Соған орай тиісті шаралар алынады. Жерді пайдаланушылар оған күтім жасамайды дегенмен келісемін. Қазіргі кезде ең бастысы - малдың өлімінің неден болғанын анықтау, - дейді Өтеғұлов.

Кейінірек «АЖ» «АсылАгро» ШҚ басшысы Нұфтолла ҚҰЛБАСОВПЕН хабарласты.

- Мен оншақты жылдан бері мал өсіру ғана емес, егіншілікпен де айналысып келемін. Ауыл адамдарының малдың жуадан өлді дегеніне келіспеймін. Жуа құрамында уланатындай  ештеңе жоқ. Жуаны жегеннен кейін мал су ішуі керек. Қурайлысай каналының суы қатып қалған, суат болмағандықтан ол мал шөлден өлмей қайтеді. Жалпы, тұрғындар малдарын өздері қарауы керек.  Біздің егістік жұмысын аяқтағанымызға бір ай болды. Су қатпаған кезде сол жуаға жайылған мал өлген жоқ қой. Біз жыл сайын егістік науқаны аяқталған соң жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша алқапты ашып тастаймыз. Адамдар керегін жинап алады, қалғанына мал жайылады. Бұған біздің кінәмізді көріп тұрғаным жоқ, - дейді Н. Құлбасов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны  түсірген автор

24 қараша 2020, 17:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.