Ресей әскері Украинаға қанатты зымыран және дрондармен жаппай шабуыл жасағаннан кейін АҚШ президенті Джо Байден арнайы мәлімдеме жасады. Соққыдан кемінде 30 бейбіт тұрғын қаза болды, 144 адам жараланды. Украинаның қалалары мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына әуеден соққы жасау шамамен 18 сағат бойы үзілмеді. Бұл – Ресей басқыншылығы басталғалы бергі Украинаға жасалған ең ірі әуе шабуылы, деп жазады Azattyq.org.
Президент Байденнің пікірінше, екі жылдан бері Украинаны атқылап келе жатқан Путиннің көксегені – Украинаны жойып, халқын құлдықта ұстау. Ол қазір де сол мақсатынан таймаған. "Путинді тоқтату керек" деді Байден.
Америка президентінің пікірінше, осы текетіреске қатысты үміт Украина аумағымен шектелмейді. Ол тұтас НАТО, Еуропа қауіпсіздігі мен трансатлантикалық қатынастың болашағына да қатысты.
Байденнің пікірінше, Путин АҚШ-тың кейбір одақтастарына қоқан-лоқы жасаған.
"Диктаторлар мен автократтарға Еуропада білгенін істеуге жол беріліп жатқан шақта АҚШ-тың процеске тікелей араласу қаупі артады" деп жазылған АҚШ президентінің мәлімдемесінде.
Егер Конгресс жаңа жылда дереу шаралар қабылдамаса, АҚШ өз халқын қорғап жатқан Украинаға маңызды қару-жарақ жіберу мүмкіндігінен қағылады деді президент. Байденнің мәлімдемесінде Конгресс дереу қимылдауға тиіс деп жазылған.
"Украинаны ауыр жағдайда қалдыра алмаймыз. Тарих бостандыққа үндегендерді елемегендерді қатаң жазалайды" деді Байден.