МАГАТЭ-де Иран ядролық қару жасау бағытында жұмыс істеуде деген мәлімет бар, деп хабарлайды BNew.kz Росбалт-қа сілтеме жасай отырып.
«Біз Иранда ядролық қару бар немесе Иран ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп те нақты айта алмаймыз. Алайда біздегі бар ақпарат Иранның бұл бағытта белгілі бір жұмыс жүргізіп жатқандығы жөнінде куәлік береді», — деді халықаралық ұйымның басшысы Юкио Амано RT телеарнасына берген сұхбатында.
«Бұл жұмыстар ядролық жарылыс құрылғысын жасауға қатысты», - деп атап өтті ол.
15 мамырда МАГАТЭ мен Иран Вена қаласындағы кездесуде қайшылықтарын еңсере алмады. Келесі кездесудің де орны анықталған жоқ.
Бұған дейін белгілісі, бұл келіссөздерде Иранның ядролық нысандарына халықаралық сарапшыларды жіберу арқылы даулы жайларды анықтау талаптарына қатысты құжат турасында еді. Бұны Иран өкілдерінің өздері талап еткен болатын. Мамандар «құжат дайындалған, тек бірқатар сұрақтар әлі реттеле қоймады» деп отыр.
«Екі тарап та оңтайлы шешім іздеуде. Бұл шешім даулы орындарды жауып, жағдайды анықтауы, ал жаңа даулы тұстардың пайда болуына жол бермеуі тиіс», — деп отыр осы жайтқа қанық дереккөздері.
Естеріңізге сала кетсек, «алтылық» Иранның ядролық бағдарламасының дамуын тежеуге ұмтылуда. Өйткені ол әскери бағытта даму үстінде деген қауіп бар. Иран үкіметі бұл айыптауды мойындамай отыр, олар уранды байыту бейбіт мақсатта жасалуда деп уәж келтіруде.
Дереккөз: bnews.kz