Роза ТөлетаеваКейбір БАҚ-тар 2011 жылғы желтоқсанда орын алған Жаңаөзендегі атышулы оқиғадан кейін сотталған мұнайшылар белсендісі Роза ТӨЛЕТАЕВА кешірім жасау туралы өтініш беріпті деген ақпарат таратқан еді. Ал іс жүзінде бұл бар болғаны Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалау алқасына адвокатты ауыстыру туралы өтініш қана екен.
Сонымен қатар, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 241-бабының 1-тармағы («Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастару») бойынша жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталған Төлетаева өз әрекетін сол баптың 3-тармағы бойыншақайта ауыстырып (1-тармақ 4-10 жылға дейінгі, 3-тармақ 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады – З.Б.), оған ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабы («Шартты түрде соттау») мен 65-бабын («Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») қолдануды өтінеді.
Төлетаеваның өз қолымен жазылған жолдауының «Жаңаөзенде 16.12.2011 жылы жаппай тәртіпсіздіктер орын алғанына өкініш білдіремін» деген соңғы абзацы елең еткізді.
Алайда Розаның бұрынғы адвокаты Гүлнар ЖУАСПАЕВАМЕН (оның қызметінен Төлетаева осы өтінішпен бас тартқан), телефон арқылы хабарласқанымызда, ол нақтылады:
- Ал сіз оның не үшін өкініш білдіретініне назар аудардыңыз ба?
- Ол жерде тәртіпсіздіктердің орын алғанына.
- Міне, солай. Ол жерде өзін кінәлі деп санағандықтан өкініш білдіріп отырғандығы туралы сөз жоқ.
- Өкініш білдіру сөзі мен жазасын жеңілдету өтінішін кешірім жасау туралы өтініш ретінде бағалауға бола ма? Әлде мұндай құжатты берудің арнайы формальды процедурасы бар ма?
- Өтініш жасау ерікті түрде ел президентінің атына жазылып, өз кінәсін толық мойындап, шын өкінетінін білдіреді. Ал бұл жай ғана адвокатты ауыстыру туралы арыз.
Сотталушының қызы Әлия ТӨЛЕТАЕВА осы құжаттың пайда болуына адвокат ДОСБОЛОВТЫ кінәлап отыр:
- Біз оның қайдан пайда болғанын тіпті білмейміз, - деді ол телефон арқылы. – Біз онымен ешқандай келісімшарт жасаған жоқпыз, бірақ қалай екенін білмеймін, ол колонияда анаммен кездесіпті. Анам қысыммен осы қағазға қол қойған. Менің көзімше бұл арыз туралы ләм демеді, сөйтсем, мені жабырқатқысы келмеген екен. Анамның өкініш білдіретіндей тәртіпсіздіктерге қатысы жоқ.
- Адвокат қандай қысым жасауы мүмкін?
- Ол анаммен қатар ұзақ мерзімге сотталған 12 ер адамның (олардың арасында өрімдей жастар да бар) болашағы, іс жүзінде өмірі мен денсаулығы тек анамның ғана қолында екенін айтқан. Анам адвокат ретінде оның қызметінен бас тартып отырғандықтан ғана олар еркіндік ала алмай отыр деген. Анам иланып, өзі осы өтінішке қол қоймағандықтан ғана олар мерзімдері біткенше отыра ма деп сұрапты. Ол растаған. Сөйтіп анам өз қолын қойыпты.
Әлия анасының бұрынғы адвокаты Жуаспаева туралы да ұнамсыз пікір білдірді. Оның растауынша, ол өз әрекеттерін онымен де, анасымен де келісуді қойған:
- Өткен жылы ол анама Қылмыстық кодекстің 63-ші және 65-ші баптарын қолдану туралы кассациялық шағым берген. Үкімді оқыған кезде төбемізден жай түскендей болды, анам бұл өтініш туралы білмеген еді. Ол ең алғашқы сот басталғаннан-ақ тек ақтап, босатуды өтінді, өйткені кінәсін мойнына алған жоқ.
Иә, бұл жағымсыз жағдай боп тұр. Өйткені менімен телефон арқылы сөйлескенде де, фейсбуктегі өз парағында да Жуаспаева Әлияға қарсы айып тақты: «Істеген ісіне өкінген кезде берілетін кешірім жасау туралы өтінішті 2012 жылдың қараша-желтоқсанында Р.Төлетаеваның қызы жазды. Ал Жоғарғы сотта ҚР ҚК-нің 63-ші және 65-ші баптарын («мойнына алып, шын өкінгені үшін шартты түрде жазалау шаралары қолданылады») қолдану туралы өтінішті оқып берді. »
Қазіргі уақытта ешкім де, соның ішінде сотталушы Төлетаеваның өзі де өзінің мүддесін кімнің қорғайтынын білмейді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Роза Төлетаеваның 25.02.13 жылғы өтінішінің көшірмесі
Естеріңізге салсақ, Роза Төлетаева Жаңаөзендегі мұнайшылардың еңбек құқығы үшін күрескен еді. Билік тарапынан арандату салдарынан (киіз үйлерді, мерекелік сахнаны орнату және балалар мен ересектерді 7 айдан бері ереуілшілер отырған алаң арқылы қуу) 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, полиция қару қолданып, адамдар қаза болып, жараланды. Бірнеше полицей мен 13 мұнайшы сотталды. Сотта Роза өзін тергеушілердің аяусыз азаптап, жазасын балаларыңнан аламыз деп қоқан-лоққы қөрсеткендігін айтты. Ол кінәні өз мойнына алуға мәжбүр болған. Бірақ содан кейін сотта оның тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатыстылығына бірде бір тікелей дәлел келтірілмеді.