17 мамырда бұдан он күн бұрын өртке оранған «Ақжайық» мемлекеттік резерватына қарасты Қызылжар шатқалында («Теңізде тұтанған от қалаға жақындады», «Жер астынан шыққан өрт», «Шалғымен от орған» мақалаларын қараңыз) облыстық жедел құтқару қызметтері дала өрттерін жоюда өзара әрекеттестікке дағдылану бойынша оқу-жаттығу жүргізді.
«АТАБАНЫҢ» КӨМЕГІ
Жаттығу алдында облыс әкімінің орынбасары, ТЖ бойынша облыстық штабтың төрағасы Сәлімжан НАҚПАЕВ өрт зардаптарымен тікұшақпен қарау арқылы танысты (ТЖД-ның деректері бойынша, Қызылжарда қамыс 23 сәуір мен 7 мамыр аралығында жанған). Ал жерге түскен соң ол қала кәсіпорындары мен ұйымдарының өрт сөндіру жасақтары саптарын қарап шықты. Еркінқала селолық округының әкімі Ерғали ТАПАНОВ былай дейді:
- Бұған бір нәрсе жасау керек! Резерваттағы шөптер жылына бірнеше рет өртенеді. Тұрғындар тұншығатын болды.
Арнайы техникалардың қатарында минералды су, бұқтырылған ет консерві және әжетхана қағазын тиеген «Атаба» дүкендер желісіне тиесілі автодүкен тұрды. Қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали ТҰРҒАНОВ «Атаба» компаниясы ТЖ кезінде халық пен құтқару қызметі қызметшілерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге дайын екенін хабарлады. Бұл міндеттеме қалалық әкімнің қаулысымен «Атабаға» жүктелген.
ӨРТ СӨНДІРУ
Сағат 11-де шартты өртті сөндіруге кірісті. Бұл үшін өткен жылғы кепкен шөп орамасы мен екі байлам қамыс әкелініп, 0,1 гектар жерге жайылды. Шөпке өрт қойды.
Бәрі де театр қойылымындай өтті. Өртті сөндіруге алғаш болып «Ақжайық» резерватының бригадасы ұмтылды. Олар ебедейсіз қимылдады. Суды шетінде бензин құятын «пистолеті» бар жұқа шлангамен шашты. УАЗ базасында жасалған өрт сөндіру машинасының су құятын ыдыс сыйымдылығы - небары 700 литр. Бірнеше қорықшылар аспалы бүркуіштермен (бұл бүркуіштер жеміс ағаштары құрттарына у шашуға арналған) өртке су шашып жүр.
Оларға Еркінқала мен Жұмыскер селолық округтарының еріктілері күрекпен көмекке жүгіріп, жанып жатқан шөпке топырақ лақтырды. Содан кейін МТЗ тракторы пайда болып, өрт ошағының айналасын соқамен қопарды. Соңына қарай екі өрт сөндіру жасағы келіп, отқа брандспойттардан су шашты. Оқу-жаттығу басталғаннан 10 минуттан кейін ТЖД басшысының орынбасары Марат ҚҰРМАНОВ Нақпаевқа дала өрті сәтті сөндірілгені жөнінде баяндады.
«БІР УАЗБЕН ҚАЙДА БАРАМЫЗ?»
Оқу-жаттығудан кейін ТЖД басшысы Болатбек ОМАРОВ журналистерге келесідей түсінік берді: «Оқу-жаттығу бірлесе күш салсақ, өртті тез ауыздықтауға болатынын көрсетті. Биыл бізде 11 дала өрті тіркелді және осылардың зардабынан 119 гектар жер жанып кетті».
«Ақжайық» резерватының директоры Елемес РАХМЕТОВ (суретте): «Жыл басынан бері резерватта 3 өрт болды. Бұл өткен тұтас бір жылда болған көрсеткіш. Қызылжардағы өрт нәтижесінде 25 гектар жер күйіп кетті. Қазір шығындарды аумақтық орман және аңшылық шаруашылық инспекциясы мен табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлерінен құрылған комиссия есептеуде. Мұндай УАЗ-бен үлкен көлемді өрттерді сөндіре алмаймыз, ал бізге басқа техника бермейді. Бізге 2 жолсыз жермен жүретін көлік пен 2 өрт сөндіргіш машинасы керек».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор