Ресейлік көшбасшылар қызметтік темір тұлпарды әуе көлігіне ауыстыруға түбегейлі бекінгенге ұқсайды. Ресми хабарламаларға сенсек, мұндай шешім өткен жылдың күзінде қабылданған. Бұл астанадағы көлік қозғалысын жеңілдетумен байланысты болып отыр.
Расымен, онсыз да кептелісі жоғары Мәскеудің ірі магистральдарында қозғалысты бірнеше сағатқа шектеу бұқараның мазасын қашыруда. Бұл билік өкілдерінің өз артықшылықтарымен күресуге талпынған алғашқы әрекеттері емес. Бұған дейін төбесінде сиреналары бар көліктердің санын азайтуға бағытталған шара қолға алынғанымен, айтарлықтай еш нәтиже шықпады. Есесіне қарапайым көлік иелерінің жолдағы шенеуніктердің артықшылығына қарсылығы сезіле бастады. Жүргізушілер көліктің төбесіне көк түсті шелектер орнатып, қарсылық шараларын өткізді. Мұнымен шектелмей, арнайы сигналы бар көлік жүргізушілері тарапынан жасалған заңбұзушылықтарды таспаға түсіріп, роликтерді көпшіліктің назарына ұсына бастады. Бұл Ғаламторды дүр сілкіндіріп, кейде өз жемісін де беріп жатты. Нәтижесінде режиссер Никита Михалков арнайы сигналдан бас тартуға мәжбүр болды, сондай-ақ ведомстволық көлікке жол бермеген көлік иесінің басына қару кезеген ТЖМ-нің сол кездегі басшысы Сергей Шойгудың жүргізушісі жұмысынан босатылды.
Дереккөз: inform.kz