Экологиялық рұқсатсыз «Oxygenator» ЖШС (бұдан әрі-Серіктестік) «Сағыз» полигонында Доссор қалалық үлгідегі кентте тұратын 20 мыңнан астам азаматтың денсаулығына тікелей әсер ететін 13 108 тонна мұнай қалдықтарын жинақтаған, деп хабарлайды Атырау облысының прокуратурасы.
Бұдан басқа, полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмағанына қарамастан, Серіктестік 2022-2023 ж.ж. кезеңінде мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырған.
Осыған байланысты, Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізу тапсырып, оның нәтижелері бойынша Серіктестікке ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталды (қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу).
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 01.11.2023 жылғы қаулысымен Серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды (қаулы заңды күшіне енді).
Өз кезегінде прокуратура меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіргені үшін жауапкершіліктің міндетті түрде болатыны туралы ескертеді.