АСТАНА. 17 мамыр. Baq.kz – Әйгілі миллиардер, Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде қайта көш бастады. Оның жиған дәулеті мексикалық магнат Карлос Слимдікінен асып түсіп отыр.
Тізімді жасаумен айналысқан Bloomberg агенттігінің мәліметінше, 2013 жылдың 17 мамырында Билл Гейтстің жиған дүниесі 72,7 миллиард долларды құраған. Оны осынау тізімде өкшелеп тұрған Слимның дүниесі 550 миллион долларға аз. Айта кетейік, ағымдағы жылы Гейтстің активтері 10 миллиард долларға артқан. Ал, Microsoft акциялары 28 пайызға өсті. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Өз кезегінде Слим бір жыл ішінде 2 миллиард доллар жоғалтып отыр. Мұның басты себебі Мексикадағы телекоммуникация нарығын реттеудегі реформалар. Оның нәтижесінде Слимге тиесілі America Movil компаниясы отандық нарықтың тек елу пайызын ғана ала алады.
Дереккөз: baq.kz