15 мамырда шекаралық Ақсарай стансасында (Астрахан облысы) ресейліктердің «Душанбе - Мәскеу» бағытындағы №319 пойызынан табылған 80 келі героинге қатысты ҚР Шекаралық қызметінің басшылығы қызметтік тергеу жүргізеді, деп хабарлады Батыс өңірінің әскери прокуроры Талғат БЕКБЕРГЕНОВ.
Ол сонымен қатар, осындай факті бойынша, биылғы жылдың қаңтарында сол пойызда қазақстандық шекарашылар өткізіп жіберген 27 келі героинді ресейлік шекарашылар тапқан кезде ҚР Шекаралық қызметінің әскери полициясы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқандығын мәлім етті («Пойыз кетіп қалды» жарияланымын қараңыз). Т. Бекбергенов бақылап тексеру аясында өз қарауында жатқан қаңтардағы жағдайға қатысты қызметтік тексеру материалдарын оқып берді. Онда: «Үстіміздегі жылдың 27 қаңтарында «Ганюшкин» шекаралық бақылау бөлімінің қызметкерлері «Душанбе - Мәскеу» жолаушылар пойызын тексеру кезінде бөгде заттар таппады. Тексеру кезінде арнайы техникалық құралдар мен үйретілген ит қолданылды. Әскери полиция алдын ала тергеу барысында шекаралық жасақ құрамының қандай да болмасын пайдақорлық мақсатын, сонымен қатар есірткілік заттарды өткізу ниетін анықтамады» делінген.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ