Атырау облысының үш тұрғыны сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлағандықтары үшін 121 170 теңгеден ақшалай сыйақы алды.
Өткен жылдың тамызында жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұлғаларды ынталандыру ережесі бекітілді. Сыйақы мөлшері ашуға жәрдемдескен қылмыс ауырлығына байланысты болады. Әкімшілік істер бойынша ол 30 АЕК, ауыр емес қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, орташа ауырлықта – 50 АЕК, ауыр қылмыстарға – 70 АЕК, аса ауыр қылмыстарға – 100 АЕК құрайды.
Ереже әрекет ете бастағанда Атырау облыстық қаржы полициясы департаментіне 11 жолданым түсіп, олар бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бүгінде сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған үш адам 70 АЕК (121 170 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы алды. Тағы екеуіне құжаттар ресімделеді. Алтауы ақшаны сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін алады.
«Жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыс фактісі туралы хабарлама, қылмыс жасаған тұлғаның қайда екендігі туралы ақпарат ұсыну және қылмысты анықтауға, тоқтатуға, ашуға және тергеуге жәрдемдескен басқа көмек қолдау көрсету боп табылады»,– деп хабарлайды жергілікті қаржы полициясының баспасөз қызметі. Ақпарат шындыққа сай келген және қаулы немесе сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда ғана сыйақы беріледі.
2013 жылы қаржы полициясының органдарына қолдау көрсеткен қазақстандықтарды ынталандыруға мемлекеттік бюджеттен 32 млн теңге бөлінді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА