Атырау, 23 қараша 19:37
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сенат Елбасының ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын қызметтен босатты

2 959 просмотра
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары ҚР  Жоғарғы Сотының судьялары Алтынай Баймұратова, Ғалия Мақажанова, Амангелді Рысқалиев, Ибрагим Тоқболатов және Айсұлу Шайкенованы қызметінен босату туралы Қазақстан Президентінің ұсынымын қарады.

Отырыста сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Нұрия Сисенова, Жанна Волкова, Айгүл Қыдырбаеваны Жоғарғы Соттың судьялары етіп тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің  ұсынысы қабылданды.

Мемлекет басшысының ұсынысын жариялаған ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақовтың айтуынша, босатылатын судьялардың барлығы зейнеткерлік жасқа жеткен. Олар сот жүйесінде қызмет атқарған уақытта өздерін жоғары білікті, тәжірибелі қызметкер ретінде танытқан.

Ал Жоғарғы Сот судьяларына ұсынылған кандидатуралар тәжірибелі қызметкерлер болып табылады. Олардың үшеуі судья қызметін атқарып келген. Ұсынылғандардың барлығы да судьялық еңбек өтілі жеткілікті, жоғары білікті және  тәжірибесі мол қызметкерлер болып табылады.

Сенат Мемлекет басшысының ҚР Жоғарғы Сот судьяларын орнынан босату және сайлау туралы ұсынымын қолдап, арнайы қаулы қабылдады. Жиын барысында Сенат спикері Қайрат  Мәми  қызметінен босатылған судьяларға палата атынан ризашылығын білдіріп өтті. «Олар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы әділ сот билігін жүзеге асыру жолында өздерінің қызметін абыроймен атқарды. Болашақта жинақтаған мол тәжірибені еліміздегі жас судьяларды тәрбиелеуге жұмсайтындықтарыңызға сенімдімін», деді Қайрат Мәми.

Дереккөз: inform.kz

16 мамыр 2013, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.