Атырау, 27 шілде 05:42
 ашықВ Атырау +25
$ 474.83
€ 515.38
₽ 5.50

Борис Джонсонның басы тағы дауға қалды

757 просмотра

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсонның басына тағы да қара бұлт үйірілді. Ол үкіметтің пандемияға қарсы әрекетін тергеуге бағытталған тыңдауларға қатысып, сұрақтың астында қалды. Бір жылдан астам уақыт бұрын дәл осы мәселе бойынша саясаткер қызметінен қуылған болатын, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Борис Джонсон тыңдауларға 3 сағат бұрын таңмен таласа өте ерте келді. Ақпарат құралдарының пікірінше, ол ковидтен қаза тапқандардың отбасыларымен көзбе-көз кездесіп қалмау үшін осылай еткен.

2019-2022 жылдар аралығында үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Джонсонның басы дауға қалып, отставкаға кеткен болатын. Бұған коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда Даунинг стритте той тойлап, әріптестерімен бірге ішімдік ішкені себеп болды. Ал дәл сол кезде халық үкіметтің айтқанын істеп, үйден шықпай отырған еді. Енді осы қылығы үшін саясаткер өкінетінін айтып отыр.

“Ковид құрбандары мен олардың отбасыларынан кешірім сұрағым келеді. Мен олардың жан жарасын жақсы түсінемін. Отбасы мүшелерінен айырылған адамдарға қайғырып көңіл айтамын”, - деді Борис Джонсон.

Тыңдаулардың тыныш өтуіне кедергі болғандар - ковидтен жақындарын жоғалтқан адамдар залдан тәртіпке бас имегені үшін сыртқа шығарылды. Қолдарында қайтыс болған ағайын-туыстарының суреттерін және Джонсонды айыптаған ұрандарын ұстаған наразы топ далада тұрып, қайғы-мұңдарымен бөлісті. Олар күйзелістің жандарын жегідей жеп жүргенін айтады.

“Неге бұлай болғанын білгім келеді. Неліктен ол коронавирустың бірінші толқынынан кейін қателіктерден сабақ алмады? Неге ол ертерек локдаун жарияламады? Неліктен менің анам қайтыс болды?”, - дейді Кент қаласының тұрғыны Шарлотта Линч.

“Ол бұрын-соңды болмаған, бейбіт уақыттағы ең үлкен трагедиялардың бірі кезінде басшы болған премьер-министр ретінде есте қалады. Ол абыройын айрандай төгіп, масқара болған адам. Мен ковид кезінде ата-анамнан айырылдым”, - дейді Лондон тұрғыны Джин Адамсон.

Пандемия Ұлыбританияда 230 000-нан астам адамның өмірін қиды және миллиондаған адамға жұғып, науқас қылды. Олардың 58 пайызы 80 жастан асқан қариялар. Бұл - Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Борис Джонсонның пікірінше, өзі басқарған үкімет пен оның кеңесшілері проблеманың ауқымы мен таралу қарқынын жете бағаламаған.

“Егер біз математикалық тұрғыда жасалған кейбір болжамдарға жеткілікті деңгейде назар аударғанымызда, басқаша әрекетер ме едік?”, - деді Борис Джонсон.

Жақындары қайтыс болғандардың адвокаттарының Джонсонға қояр сұрағы көп. Олардың пайымдауынша, саясаткер жазасыз қалатынын біліп, адамдардың тағдырымен ойнаған. Жұмыс істемейтін тестілеу және науқастарды бақылау жүйесіне 37 миллиард фунт құртып, жауапкершілікті мойнына алмай отыр-мыс.

“Ол шындықты айтуы керек. Джонсонның осал топтағы адамдарға және кедей-кепшіктерге деген көзқарасы, қарт кісілерді қорлап жазған электрондық хат алмасулары, WhatsApp хабарламалары бар. Ол өз әрекеті үшін есеп беруі керек”, - дейді адвокат Аамер Анвар.

Саясаткердің жауаптары көпшілікті таң қалдырды. Ол халықтан кешірім сұрай отырып, өз істерін түгелдей ақтап алуға тырысты. Джонсон премьерліктен қуылғаннан кейін депутаттық мандатымен де қош айтысуына тура келді. Қазір ол күнделікті тарайтын британиялық Daily Mail газетінің шолушысы қызметін атқарады.

8 желтоқсан 2023, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.