Атырау, 11 желтоқсан 17:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Турнир алматылықтарсыз да жақсы өтті

2 933 просмотра

Өткен демалыс күндері «Атырау» ДСК-нде ҚР Ұлттық би спортын дамыту одағының қолдауымен дәстүрлі «Еуразия-2013» турнирі өтті.

Ұйымдастырушылар ішінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі, Ұлттық паралимпиадалық комитет, Халықаралық CID ЮНЕСКО би кеңесі, ҚР Ұлттық би спортын дамыту одағы (ҰБСДО), облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Облыстық спорттық билер федерациясы мен «Аэлита» спорттық-би клубы бар.

«Еуразия» турнирі Атырауда осымен 9-рет өткізіліп отыр. Бұл уақытта оның дәрежесі өңірліктен халықаралыққа дейін өсіп, қатысушылар саны да жыл сайын артып отыр. Алайда биылғы турнирге бұрынғы жылдардай емес, аз адам жиналды. Сайысқа Астрахан, Ақтау, Атырау, Астана, Қарағанды, Орал, Петропавл және Қостанай қалаларынан барлығы 250 би жұбы қатысты. «Аэлита» спорттық-би клубының жетекшісі Лидия МҰҚАНОВАНЫҢ айтуынша, биыл турнир мерзімі кейінге жылжытылды, кәсіби паркеттің келуін күттік. Бір апталық кешігу өз зиянын тигізді – көптеген бишілердің емтихандары мен сынақтары басталып кетіп, келе алмай қалды.

- Бұл жағдайдың тағы бір маңызды себебі бар. 2009 жылдан бері би қауымдастығында бір жағдай орын алды және бұл бүгінгі күні Алматы федерациясының осы турнирге қатысудан бас тартып, бүлік шығаруына ұласып отыр. Алматылықтар - Қазақстандағы спорттық бидің негізін салушылардың бірі. Алайда соңғы бірнеше жылда олардың басшылары төрт рет ауысты. Мансапқұмар алматылық төрағалар республикада жұмыс жасап отырған барлық федерацияларды басқарғысы келеді, тіпті Ресейдің Би спорты одағына бұл турнир олардың рұқсатынсыз өткізілгелі жатыр, сондықтан да спортшыларын жібермеуді сұрап, хат та жазыпты. Алайда турнирді өткізуге мұндай рұқсат керек емес, - дейді ҰБСДО президенті Николай ТЕН.– Барлық федерациялар тең құқылы және бірлесе жұмыс жасап, әрқашан бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Соның айғағы ретінде беделді республикалық турнир болып табылатын «Еуразияға» алматылықтардан басқа барлық федерациялар түгел келді.

Осыған қарамастан, турнир жоғары деңгейде өтті. «Еуразия-2013» аясында бірнеше жарыстар: ҰБСДО чемпионаты, ҰБСДО ашық біріншілігі, облыстың ашық біріншілігі және арба үстінде билеу бойынша ашық Ел кубогы (алғаш рет)өткізілді.

ҰБСДО чемпионаты қорытындысы бойынша 1-орынды Мария ХАСАНЕТДИНОВА мен Кирилл НОВИКОВ (Петропавл) алды, 2-орын – Іңкәр ҚАЙЫРЛИЕВА мен Владимир ДУДАРЕНКО (Атырау, Аэлита СБК), 3-орын - Анастасия ХЛОПЦЕВА мен Шахмиран ЕСМАГУЗАМ (Атырау, Аэлита СБК).

Жасөспірімдер-1 санатында  (Латын америкалық бағдарлама) -  Бақдәулет АМАНБАЙҰЛЫ мен Аида МҰХАМБЕТОВА алтын алса, Әсем ҮБІҒАЛИЕВА мен Илья БОБЫЛЕВ күміс, София КАЛМЫКОВА мен Рашит ӘБДІХАЛЫҚОВ қола ұтып алды – барлығы да «Аэлитаның» шәкірттері.

ҰБСДО ашық біріншілігінде Жастар + Ересектер санатында астрахандық «Пилигрим» БЖСМ шәкірттері Денис МАКАРОВ пен Ксения ПРОКУШЕВА үздік атанды, 2-орын да «Пилигрим» БЖСМ шәкірттері Рамир ДЖУМАХАНОВ пен Айжан КУКАНОВАҒА, 3-орын Іңкәр ҚАЙЫРЛИЕВА мен Владимир ДУДАРЕНКОҒА («Аэлита») бұйырды.

Жасөспірімдер-2 санатында Светлана ПАК пен Евгений ЛИ («Аэлита») жеңімпаз болса, Айбек ӘБИЕВ пен Аэлита МҰҚАНОВА («Аэлита»), күміс, Константин НИКИФОРОВ пен Динара ЕСЕНҒАЗИЕВА (Қостанай, «Мечта» СБК) қола иеленді.

Атырау  облысының ашық біріншілігінде Ювеналдар-1 стандарт санатында бірінші орынды Игорь ШИШКИН мен Александра СЕМЕНЧЕВА (Астрахан), екінші орынды Никита ГАРБУЗ бен Анжелика УГАЙ (Орал, «Латын кварталы» СБК), үшінші орынды Мирас ЖАҢАТАЛАП пен Диляра ҚҰМАРҒАЛИЕВА («Аэлита») ұтып алды.

Ең кіші Ювеналдар-1 Е сынып санатында Әмір ҚУАНЫШЕВ пен Аяулым НӘСИПОЛЛА жеңімпаз атанып, 2-орынға Дәурен НҰРҒАЛИЕВ пен Нина ГОРОХОВА, 3-орынға Мирас ЖАҢАТАЛАП пен Диляра ҚҰМАРҒАЛИЕВА көтерілді.

Арба үстінде билеу бойынша ашық Ел кубогінде жүлделі орындар келесідей бөлінді: Еуропалық бағдарламада 1-орынды Руслан АЙТПАЕВ пен Іңкәр ҚАЙЫРЛИЕВА («Аэлита»), 2-орынды Талғат АМАНДЫҚОВ пен Толғанай ТӨРЕБЕКОВА (Тараз), 3-орынды Жаннат ХАМЗИН мен Валерия ЧАЙКОВСКАЯ (Қостанай) иеленді.

Латын америкалық бағдарламада I орынды Жаннат Хамзин мен Валерия ЧАЙКОВСКАЯ, II орынды Руслан Айтпаев пен Іңкәр Қайырлиева алды. Шоу-бағдарламада Талғат Амандықов пен Толғанай Төребекова үздік атанса, II орынды Жаннат Хамзин мен Валерия Чайковская, үшінші орынды Руслан Айтпаев пен Іңкәр Қайырлиева иеленді.

Турнир ұйымдастырушылары болашақта арба үстінде билеу бойынша ҚР Кубогы дәстүрлі додаға айналады деп сенеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

16 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.