Атырау, 30 қараша 17:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Спорт жаңалықтары

2 682 просмотра

Жанкүйерлер қолдауы

11 мамырда футболдан ел чемпионатының 10-туры матчында «Атырау» командасы «Астанадан» 1:2 есебімен ұтылып қалды.

Ойынның бірінші кезеңінің соңғы секундтарында қонақтар айып добын шебер орындап, есеп ашты. Ал екінші кезеңнің басында күмәнді пенальтиден есепті еселеді – 2:0. Ойынның осылай сәтсіз өрбуі алаң иелерінің сағын сындырмады. «Атырау» көп шабуылдады. Алайда толассыз шабуылдар нәтижесінде тек бір гол соғылды – 65-минутта жас шабуылшы Айбар НҰРБЕКОВ өз мүмкіндігін шебер қолдана білді.

«Астана» жәнеҚазақстан құрамасының бас бапкері Мирослав БЕРАНЕК матчтан кейінгібаспасөз конференциясында нәтижеге көңілі толатынын атап өтті: «Ағымдағы маусымда «Атырау» командасы өз алаңында өткізген ойындарда гол жібермеген еді. Осыған байланысты, алғашқы болып гол соққанымызға қуаныштымын». «Атыраудың» бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧ өз наразылығын жасырмады: «Павлодарлық төрешінің не істегенін бәрі көрді. Ол ойын нәтижесіне әсерін тигізді. Өкінішке орай, қосалқы минуттарда қақпаға гол салғызуға мүмкіндік берген кейбір ойыншыларымыздың да кінәсі бар».

Стадионға жиналған жанкүйерлерді де атап өткен жөн. Олар ойынның соңғы қосалқы минуттарына дейін орындарынан қозғалмай, өз футболшыларына үлкен қолдау көрсетті. Ойын соңында команданы «А-ты-рау, А-ты-рау!» деп, қолпаштап шығарып салды. Осындай жанкүйерлері бар команда жақсы өнер көрсетуі керек!

***

 

Ақтөбеден келген бес жүлде

БЖСМ-2 командасы Ақтөбе қаласында өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында Жеңіс күніне арналған бокстан халықаралық турнирден 5 медальмен оралды.

80 келіден жоғары салмақта турнир «алтынын» Нұрғиса Көпжасаров иеленді. Ерік Ханымжанов (44 келіге дейін), Нұрсұлтан Жұмағазиев (48 келіге дейін) және Магомед Даутов (80 келіге дейін) күміс жүлдегерлер атанды. Бауыржан Көшенов (50 келіге дейін) қола медаль ұтып алды. Жас боксшыларды Б. Көшен, М. Абсенов және С. Мұхамеджанов дайындады.

***

 

№1 спорт мектебінің саңлақтары

«Мұнайшы» СК-нде қалалық спорт бөлімі және Г.А. Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен атақты ұшқыш Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған турнир өтті. 

Швейцариялық жүйеде 7 турмен өткізілген турнирде Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Алматы қаласынан 47 ойыншы өнер көрсетті. Абсолюттік біріншілікте (8 жастан жоғары балалар мен ең жасы үлкені 76-да болған ардагерлер арасында) Махамбет ауданы Ақтоғай селосынан 1-разрядты шахматшы Басыр Дауылбаев жеңімпаз атанды. 2-орынды №27 мектептің оқушысы Айбек Мақсот алса, үшінші орынды Қ. Сәтпаев атындағы мектептің оқушысы Шыңғыс Боран жеңіп алды.

Ардагерлер арасында Сейран Мазлумян, әйелдер арасында – Оңайша Әбуталиева, үлкен қыздар арасында – Диляра Ғабитова, кіші қыздар арасында - Сабина Салешова, үлкен ер балалар арасында - Әлсейіт Бектасов, орташа ер балалар арасында – Тұрар Шаймардан, кіші ер балалар арасында – Абыл Қизатбай үздік атанды. Жоғарыда аталып өткен мектеп оқушыларының барлығы 1-БЖСМ шахмат секциясының шәкірттері екенін айтып өткен жөн.

***

 

Фулл-контакт

Таразда 1997-98 ж.т. кадеттер арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті.

«Фулл-контакт» санатында 45 келіге дейінгі салмақта атыраулық Жанәлі Сәлімгереев чемпион атанды. Оның екі командалас әріптестері – Абылай Кәрім (63 кг дейін) мен Көркем Кереева (60 келіден жоғары) қола медаль ұтып алды. Спортшыларды бапкерлер Д.Жүсіпов, К.Қосақов, Е.Сахипов, Г.Волынский және Р.Қисметов дайындады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.