Атыраулық дзюдошы Асхат ТЕЛЬМАНОВБакуде өткен халықаралық «Grand Skam» сериясы турнирінде «күміс» иеленді.
Дзюдодан облыстың аға жаттықтырушысы Талап МҰҚАНОВТЫҢ айтуынша, Асхаттың сәтті өнер көрсетуінің нәтижесінде оған әлемдік рейтингтегі 14-орын берілді.
Турнирдің финалында ол әлемдік рейтингте 3-орын алатын моңғол Амартувшин Дашдавамен белдесті. Айқас барысында Асхат бір «ваза-ари» (жартылай жеңіс) айырмашылығымен ұтып та жатты, алайда соңғы секундтарда «иппон» (толық жеңіс) тәсілін жіберіп алды. Бакуде белдескен 8 қазақстандықтың ішінен медальға іліккен жалғыз Асхат екенін айта кеткен жөн. Мамырдың аяғында ол Түмен қаласында өтетін беделді халықаралық турнирге қатысатын болады.
Басқа атыраулық шеберлер турасына келсек, Т. Мұқановтың айтуынша, жақында Наурызбек Майлашевтың тізе буыны жарылып, үш айға қатардан шығып қалыпты. Ал соңғы екі Олимпиаданың қатысушысы Ринат Ибрагимов Батыс Қазақстанға көшіп кетті, енді сол облыстың намысын қорғайды. Белгілі спорт шеберінің көшіп кетуіне не себеп болды деген сұраққа бапкер жауап бермеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ